"ҚазТрансГаз Аймақтың" Қызылордадағы филиалына ірі мөлшерде айыппұл салынды
Бұдан бұрын, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-тың Қызылорда өндірістік филиалы үшін тауарлық газды газ таратушы жүйелер арқылы тасылмалдау қызметіне 2020-2025 жылдарға ұзақ мерзімді тариф бекіткен.
"2021 жылы жүргізілген талдау нәтижесінде, ТМРКД "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-тың Қызылорда филиалы тарапынан 2020 жылы бекітілген тарифтің орнына 2019 жылы қолданыста болған тарифті қолданып, салдарынан 1,420 млрд теңге негізсіз кіріс алғаны анықталды", - дейді комитеттің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-тың Қызылорда филиалына қатысты жүргізілген жоспардан тыс тексеріс нәтижесінде, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында бекітілген тариф тағы да қолданылмай, ол 902, 613 млн.теңге негізсіз кіріс тапқаны анықталды.
Субъект-монополистің бұл әрекеттері Қазақстан Республикасы "Табиғи монополиялар туралы" Заңының 26-бабының 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес заң бұзушылық болып табылады.
"Сот отырыстарының нәтижесі бойынша, Қызылорда облысы Қызылорда қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2023 жылғы 11 сәуірдегі қаулыларымен "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-тың Қызылорда филиалы әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 164-бабының 5-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған жалпы сомасы 232 292 872 теңге айыппұл салынды", - дейді комитеттегілер.
Соттың қаулылары заңды күшіне енбеді.