Тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы өнімдерді таңдау кезінде не нәрсеге назар аудару керек екенін айтты
Қаптамадағы ақпарат белгіленген стандарттарға сәйкес келмесе, тіпті, жержаңғақ пастасы сияқты танымал өнім де қауіпті болуы мүмкін.
2024 жылдың маусым айында "MOТҚҚҚ" ҚБ өкілі ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары әлеуметтік жобасы аясында салмағы 462 г. болатын "PEANUT BUTTER SUPER CRUNCHY" өнімін және Hershey’s Chokolate Syrup (680 г) сиропты сатып алды. Мақсат – кәсіпкерлерге қиындық туғызу немесе сәйкессіздіктерді іздеу емес, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аумағында белгіленген таңбалама ережелерінің сақталуын тексеру болды.
Сурет: Жанна Биятан
Зерттеу бұрын қолжеткізілген ынтымақтастық келісімі аясында жүргізілді. 2024 жылдың 26 маусымындағы № РО-24-50911-920/№760 зерттеу хаттамасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Астана қаласы бойынша Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК филиалының аккредиттелген ғылыми орталығында жүргізілген сараптама қаптамада барлық ақпараттар, оның ішінде атауы, құрамы, өндірілген күні және сақтау мерзімі, өнімнің шарттары, өнімді өндіруші/импорттаушы туралы мәліметтердің жоқтығы және ақпараттардың қазақ және орыс тілдерінде жазылмағанын көрсетті. Сонымен қатар, таңбаламада ЕАС белгісі болмаған. Бұл сәйкессіздіктер, әсіресе, өнімнің тағамдық құндылығы немесе шығу тегі туралы көбірек білгісі келген тұтынушылардың таңдауын қиындатады.
Сурет: Жанна Биятан
Сиропқа сараптама жүргізген "Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығының" Астана қаласындағы филиалы сынау кезінде өнімнің жарамдылық мерзімі өткенін (03.2024 ж. дейін) көрсетті! Оның бөтелкесінде өнімнің шығарылған күні және сақтау шарттары көрсетілмеген, сонымен қатар барлық таңбалама шет тілінде, EAC белгісі және ГМО көмегімен алынған компоненттердің бар-жоғы туралы ақпарат жоқ.
Сурет: Жанна Биятан
Сонымен, тұтынушыларға өздерін қорғауға қатысты кеңес:
- Таңбаламаны мұқият оқып шығыңыз. Өнімді сатып алмас бұрын мемлекеттік тілдегі ақпараттың, сондай-ақ, өндіруші, жарамдылық мерзімі мен құрамы туралы ақпараттардың барына назар аударыңыз. Бұл ақпараттрдың көрсетілуі саналы таңдау жасауға және денсаулыққа ықтимал қауіптерден аулақ болуға көмектеседі.
- EAC белгісінің бар-жоғын тексеріңіз. Бұл өнімнің ЕАЭО елдерінің аумағында қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін міндетті бағалаудан өткендігінің кепілі.
- Қосымша ақпаратты сұраңыз: Егер қандай да бір ақпарат жоқ немесе толық болмаса, ол жайында сатушыдан сұраудан тартынбаңыз. Сатушы сіз сұраған қажетті ақпаратты беруге міндетті.
- Пікірлер мен рейтингтерді зерттеңіз: Сатып алу алдында басқа тұтынушылардың өнімге қатысты пікірлерін оқыңыз. Бұл сапасыз өнімдерді болдырмауға көмектеседі.
- Белсенділік танытыңыз: әлеуметтік желілерде немесе форумдарда өнім сапасы мен таңбалама туралы талқылауларға қатысыңыз. Сіздің пікіріңіз басқа тұтынушыларға көмектесуі мүмкін.
- Сарапшылармен кеңесу: тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы сарапшылардан кеңес алыңыз. Олар нақты жағдайда қалай әрекет ету керектігін түсінуге көмектеседі.
- Көмек сұраңыз: Қаптамада маңызды ақпараттың жоқтығын байқасаңыз, сіз өнімді сатып алған жердегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұйымына хабарласуға болады, олар мұндай жағдайларды анықтауға ғана емес, сондай-ақ, әрі қарай қалай әрекет ету керектігі туралы ұсынымдар береді.
- Түбіртектер мен қаптамаларды сақтаңыз: бұл өнімді қайтару немесе шағым беру қажет болған жағдайда болашақта сізге көмектеседі.
- Шағымдарды жіберу: Өнім стандарттарға сәйкес келмесе, сіз санитарлық-эпидемиологиялық қызметке немесе басқа бақылаушы органдарға шағымдануға құқылысыз.
"Біздің ұйымның міндеті – заңбұзушылықтарды іздеу емес, адамдарға тауарды тұтыну әлемінде бағыт алуына көмектесу. Біз тұтынушылардың өнім қауіпсіздігіне қатысты кез келген мәселелерін қолдап, өз құқығын қалай қорғау керектігі туралы пайдалы ақпарат береміз".Алия Алибекова, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы сарапшы
Осылайша, өз денсаулығын күту, құқығын қорғау ол туралы ақпарат алудан басталады. Егер сіз толық таңбаланбаған өнімді кездестірсеңіз, сатып алу тәжірибеңіз қауіпсіз әрі жақсы болуы үшін не істеу керектігін білу маңызды!
Материалды "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған. ҚР Заңына сәйкес, ұйым тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасына қатысты жүргізілген зерттеулердің нәтижелері туралы, сондай-ақ, жарнама болып табылмайтын, тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға көмектесетін басқа да ақпараттарды таратуға құқылы.
Осыған ұқсас сұрақтар бойынша байланыс нөмірі 87054222739 немесе Instagram парақшасы: OZPP.KZ