Мамандар Түркістандағы дүкен сөрелерінде сатылатын сабынға сараптама жүргізді
Сабын – күнделікті өмірдегі ең танымал өнімдердің бірі. Мейлі ол кір жуу мен тазалауға арналған кір сабын немесе жеке гигиенаға арналған иіс сабын болсын, әр үйден табылады.
Түркістан қаласының дүкен сөрелерінде сатылып жатқан сабынның Қазақстан Республикасының техникалық регламенттері мен стандарттарына сәйкестігін тексеру мақсатында "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі ("МОТҚҚҚ" ҚБ) өкілі 2024 жылдың маусым айында сабынның бірнеше түрін сатып алды. Сатып алу өнім қауіпсіздігі туралы халықтың хабардарлығын арттыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға арналған әлеуметтік жоба аясында құпия сатып алу әдісі арқылы жүзеге асырылды.
Сурет: Жанна Биятан
Сараптаманы қаланың өзінде жүргізу мүмкін болмағандықтан, үлгілер ынтымақтастық туралы келісім бойынша аккредиттелген "Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы" АҚ Жамбыл филиалына жіберілді. Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттеріне сәйкестігіне, атап айтқанда: Кеден одағының "Май және май өнімдерінің техникалық регламенті" 024/2011 ТР, "Парфюмерлік және косметикалық өнімдердің қауіпсіздігі туралы" 009/2011 ТР және сабынға арналған МемСТ стандарттарына қатысты сынақтар жүргізілді.
Сабынның төмендегідей түрлері сатылып алынды:
- Қызғылт қаптамадағы "Шокух" кір сабыны, өндіруші – Иран;
- "Русь" кесек кір сабыны;
- "Кубань" кесек кір сабыны;
- Сұйық кір сабыны, оған қоса дақ кетіретін, антибактериалды, Қазақстанда жасалған;
Сурет: Жанна Биятан
Сараптама нәтижелері мен анықталған сәйкессіздіктер
- Мемлекеттік және орыс тілдеріндегі аударманың жоқтығы
Бұл жетіспеушілік "Шокух" кір сабыны мен атауы жоқ иіс сабын үлгілерінен анықталды. Нормативтік талаптарға сәйкес, өнім туралы ақпарат, оның ішінде өндірушінің атауы мен орналасқан жері, құрамы, сақтау және қолдану шарттары мемлекеттік және орыс тілдерінде берілуі тиіс. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі ресми тіл болып есептелетін Қазақстанда тұтынушылар екі тілде ақпарат алуға құқылы. Бұл талаптарды сақтамау – тұтынушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне әсер ететін маңызды өнім ақпаратына қолжеткізуін шектейді.
Сурет: Жанна Биятан
КО 024/2011 ТР 9-бабының 1-тармағында орыс тілінде таңбалама талап етіледі, бірақ "Қазақстан Республикасының Тілдер туралы" және "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңдарына сәйкес, барлық шетелдік тауарлар үшін мемлекеттік тілдегі ақпарат міндетті болып табылады немесе ол қамтамасыз етілмеген болып саналады.
Сурет: Жанна Биятан
- Құрамы туралы ақпараттардағы олқылықтар
"Русь" және "Кубань" кесек сабындарының үлгілерінде өнімнің нақты массасы көрсетілмеген, бұл техникалық регламенткесәйкес келмейді. Шындығында, сабын кесектерінің массасы сәйкесінше 164,3 г және 173,9 г болды, ал үлгілерде бұл жайында ақпарат көрсетілмеген. Сондай-ақ, ингредиенттердің толық құрамы олардың массалық үлестерімен қаптамада көрсетілмеген, бұл аллергиясы немесе химиялық компоненттерге жоғары сезімталдығы бар тұтынушылар үшін қауіпті саналады.
- Өндіруші мен шығарылған күні көрсетілмеген
Өндіруші, өндіру күні және жарамдылық мерзімі туралы ақпараттардың болмауы "Русь", "Кубань" үлгілеріне қатысты тіркелді. Бұл деректер тұтынушылар үшін өте маңызды, өйткені онсыз өнімнің балғындығы мен оны пайдалану қауіпсіздігін анықтау мүмкін емес.
Сурет: Жанна Биятан
- Бұзушылықты көрсетпеген үлгі
Барлық стандарттар мен талаптарға сай келетін жалғыз өнім – Қазақстанда шығарылған дақ кетіргіші бар сұйық кір сабынының үлгісі болды. Қаптама оның қауіпсіздігі мен талаптарға сәйкестігін растайтын құрамы, сақтау шарттары және өндіруші туралы барлық қажетті ақпараттарды берді.
- Тұтынушылар мен кәсіпкерлерге арналған ұсынымдар
Тұтынушылар өнімдердің, әсіресе, кір сабынының және басқа да күнделікті өнімдердің таңбаламасы мен ақпаратына назар аударуы керек. Егер қаптамада мемлекеттік және орыс тілдеріндегі ақпараттар болмаса, құрамы немесе өндірушісіне қатысты ақпараттар болмаса, онда бұл өнімнің Қазақстан нарығына заңсыз енгендігі және белгіленген стандарттарға сәйкес келмеуі және ықтимал қауіпті болуы мүмкіндігі жайынан белгі береді.
Кәсіпкерлер айыппұл салмау үшін сатылатын өнімдердің заң нормаларына сәйкестігін мұқият қадағалауы қажет.
Материалды "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған. Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, "МОТҚҚҚ" ҚБ тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасына қатысты жүргізілген зерттеулердің нәтижелері туралы, сондай-ақ жарнама болып табылмайтын басқа да тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға ықпал ететін ақпараттарды таратуға құқылы.
Осыған ұқсас сұрақтар бойынша 87054222739 байланыс нөміріне немесе Instagram-дағы OZPP.KZ парақшасына хабарласуға болады.
Оқи отырыңыз