Төрт адамның өмірін сақтап қалған жезқазғандық полицей "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды

Марапаттау, Жезқазған, полицей, Ерлігі үшін, медаль, Ахмет Балғабай, Ержан Сәденов, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.10.2026 17:39 Сурет: ҚР ІІМ баспасөз қызметі
Жезқазған қаласы полиция басқармасының қызметкері Ахмет Балғабай ҚР президентінің Жарлығымен "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды. Соңғы алты жылда төрт адамның өміріне араша түскен тәртіп сақшысына медалді Республика күніне орай өткен салтанатты жиында Ішкі істер министрі табыстады.

15 жылдан астам уақытын ішкі істер органдарына арнаған полицейдің әр ерлігінің артында ажалдан аман қалған адам тағдыры жатыр.

"6 сәуір. Кешкі сағат 22:27 шамасы. Жезқазған қаласындағы Раскова көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің үшінші қабатынан ер адам салбырап тұр. Аяғын екінші қабаттың жиегіне әрең тіреген оның кез келген сәтте құлап кетуі мүмкін еді. Оқиға орнына жеткен Ахмет Балғабай үшінші қабаттағы пәтердің есігін ешкім ашпаған соң, төменгі қабаттағы тұрғындардан рұқсат сұрап, ішке кіреді. Ас үйдің терезесіндегі қорғаныс торын жыртып, әріптесімен бірге ер адамды ішке тартып алады. Осылайша, тағы бір азаматтың өмірі сақталып қалды".

Бұл — Ахмет Балғабайдың алғашқы ерлігі емес. 2020 жылдың мамыр айында Ғарышкерлер көшесіндегі көпқабатты үйдің төртінші қабатынан секірмек болған қызды құтқару үшін көрші пәтердің терезесінен шығып, ғимарат қабырғасына орнатылған кондиционердің үстімен жүріп өткен. Өз өміріне төнген қатерге қарамастан, бойжеткенді құлап кетуден аман алып қалған. Ал 2024 жылғы 8 тамызда демалыста жүрген кезінде Сәтпаев көшесіндегі көпірден секірмек болған тағы бір қызды байқап, көлігін тоқтатқан. Онымен тілдесіп, сабырға шақырып, қолынан ұстап, қауіпсіз жерге шығарған.

Биылғы 31 наурызда Бейбітшілік көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйді өрт шарпығанда да полицей қарап қалмады. Төртінші және бесінші қабаттарға жайылған жалынға қарамастан, ғимаратқа кіріп, тұрғындарды қауіпсіз жерге шығаруға атсалысты. Өрт ішінде қалып қойған ер адамды жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерімен бірге құтқарып қалды. Арада алты күн өткенде Раскова көшесіндегі оқиға оның батылдығын тағы бір мәрте танытты.

"Алты жыл. Төрт оқиға. Бірінде биіктен құлау қаупі, екіншісінде көпір үстіндегі қатерлі сәт, енді бірінде жалын құрсауында қалған адам өмірі. Әрқайсысында Ахмет Балғабай өз басына төнген қауіпке қарамастан, көмекке мұқтаж жандардың жанынан табылды. Ол мұндай әрекеттерді айрықша ерлікке баламайды. Өйткені тәртіп сақшысы үшін адам өмірін қорғау — қызметтік міндет қана емес, азаматтық борыш".

2026 жылғы 20 қазандағы президент Жарлығымен берілген "Ерлігі үшін" медалі — сол батылдық пен жанқиярлықтың лайықты бағасы. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің қолынан марапат алған Ахмет Балғабайдың қызмет жолындағы ең үлкен жетістігі — ажал аузынан аман қалған төрт адамның жалғасқан ғұмыры.

Өйткені ерліктің шын өлшемі — сақтап қалған адам өмірі.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: