Археологтар миналанған аумақтан алтын толы қазына тапты
Сурет: pixabay
Live Science басылымының жазуынша, ғалымдар Люксембургтің солтүстігінде орналасқан Хольцтум ауылынан б.з. 364-408 жылдары соғылған 141 алтын монетаны анықтаған.
Теңгелерде сегіз рим императорының бейнесі бейнеленген. Алайда олардың үшеуінде күтпеген тұлға – Батыс Рим империясының заңсыз билеушісі Евгенийдің суреті салынған. Ол небәрі екі жыл ғана (392–394 жж.) билік құрған.

Сурет: C. Nosbusch/INRA
Басылым дерегіне сүйенсек, Евгений Батыс Рим императоры Валентиниан II жұмбақ жағдайда асылып өлгеннен кейін таққа келген. Алайда, Шығыстағы христиан императоры Феодосий I Евгенийді мойындамай, оның діни төзімділікке негізделген саясатын құптамады. Осының салдарынан қарулы қақтығыс басталып, 394 жылдың қыркүйегінде Фригидус өзенінің маңындағы шайқаста Евгений жеңіліп, қаза тапты. Оның билігі өте қысқа болғандықтан, Евгенийдің аты бейнеленген теңгелер аса сирек кездеседі.
Табылған жәдігердің тарихи маңызы зор болғандықтан, ол туралы ақпарат шамамен төрт жыл бойы құпия сақталған. Қазба жұмыстары INRA ұйымының жетекшілігімен 2020–2024 жылдар аралығында жүргізілген.
Сонымен қатар археологтар қауіпті жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр болған. Себебі бұл аумақта Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен қалған оқ-дәрілер мен жарылғыш заттар көп көмілген. Осыған байланысты қазба жұмыстарына Люксембург армиясының саперлік қызметі де тартылған.
Бұған дейін Чехияда жасы 26 мың жыл болатын "ежелгі адамның бет-бейнесі" табылғанын жазғанбыз.