Қаржы министрі Салық кодексіне қатысты сынға пікір білдірді
Фото: primeminister.kz
Қаржы министрі Мәди Такиев 2025 жылғы 29 желтоқсанда Мәжіліс кулуарында жаңа Салық кодексінің жекелеген тұстарындағы деректердің бұрмалануы жөнінде бизнес-омбудсменнің айтқан сынына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Бұған дейін Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) басшылығымен кездескен болатын.
Оның айтуынша, есептеулер барысында статистикалық талдау әдістемесі бұзылған. Атап айтқанда, іріктеуге қызметін жүзеге асырмайтын кәсіпорындар мен нөлдік декларация тапсыратын жеке кәсіпкерлер енгізілген. Бұл субъектілер нақты шаруашылық қызметті көрсетпейді әрі арнаулы салық режимінде (АСР) жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлердің салық жүктемесіне қатысты көрсеткіштерді бұрмалайды.
"Неге олай болғанын білмеймін. Бірақ МКК-де бар барлық деректер салық төлеушілердің өздері ұсынған ақпарат негізінде жүктеледі. Менің ойымша, МКК-дегі дерекқор неғұрлым шынайы, өйткені біз әрбір салық төлеушіні оның табысы тұрғысынан көріп отырмыз", – деді Мәди Такиев.
Сондай-ақ министр бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің тыйымдардың орындалуына нақты бақылаудың жоқтығы жөніндегі сұрағына да жауап берді.
"2000 жылы біз оңайлатылған декларацияны енгіздік. Ол кезде үш нұсқа болды: жалғыз өзің патентпен жұмыс істейсің, кейін оңайлатылған декларацияға өтесің, екі-үш жылдан соң жалпыға бірдей белгіленген режимге ауысып, орта және ірі бизнеске шығасың. Алайда 25 жыл ішінде бұл жүйе жұмыс істемеді. Керісінше, бизнес шағын кәсіпкерлікке қарай ойыса бастады, өйткені онда көптеген жеңілдіктер бар: тексерулерден босатылған, әкімшілік айыппұл мөлшері әлдеқайда төмен, миллиондаған кәсіпкерлердің арасында көзге түспей қалуға мүмкіндік бар. Сондықтан бизнесті дұрыс шектеу қажет: шағын бизнес – шағын болып, орта бизнес – орта деңгейде қалуы тиіс. Біздің басты міндетіміз – кәсіпкерліктің тірегіне айналатын орта бизнесті өсіру", – деп түйіндеді министр.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript