Ұлттық банк валюталық операцияларға қатысты жаңа ережелерді бекітті
Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Жаңа талаптарға сәйкес:
- валюталық бақылау күшейтілді – енді банктер барлық операцияларды мұқият тексеріп, заңбұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті органдарға хабарлайды;
- шекті сомалар белгіленді: жеке тұлғалар үшін – 10 мың АҚШ долларынан, заңды тұлғалар үшін – 50 мың доллардан бастап;
- кейбір операциялар бойынша валюталық шарттың есептік нөмірін алу міндеттеледі;
- кәсіпкерлер валюта сатып алу мақсатын құжат жүзінде растауы тиіс;
- капиталды заңсыз әкету қаупі бар операцияларға (аударымдар, қарыздар, экономикалық негізі жоқ мәмілелер) бақылау күшейтіледі.
Сонымен қатар, жеке тұлғалар үшін бірқатар жеңілдіктер сақталған. Атап айтқанда, 10 мың долларға дейінгі аударымдарды банкте шот ашпай-ақ жүзеге асыруға мүмкіндік бар.
Жаңа ережелер қаржылық тәртіпті нығайтуға, заңсыз ақша шығарумен күресуге және валюталық операциялардың ашықтығын арттыруға бағытталған.
Қаулы 2026 жылғы 19 сәуірден бастап күшіне енеді.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 12 шілдеге дейін келесі тармақтың қолданысы уақытша тоқтатылды:
Валюталық бақылау агенттері болып табылатын уәкілетті банк пен бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы цифрлық құжаттар сервисіндегі деректерді пайдалануды тек иесінің келісімі болған жағдайда жүзеге асырады. Бұл келісім "электрондық үкімет" веб-порталындағы пайдаланушы кабинетінде беріледі, сондай-ақ порталға тіркелген ұялы байланыс нөмірі арқылы бір реттік құпия сөз енгізу немесе порталдан келген хабарламаға қысқа мәтіндік жауап жіберу арқылы расталады.