Банктердің қаржылық тұрақтылығы жаңа тәртіппен бағаланады

Деньги, тенге, национальная валюта РК, курс тенге, сурет - Zakon.kz жаңалық 12.08.2026 13:47 Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
2026 жылдың 3 тамызында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысымен банктердің қаржылық тұрақтылығына байланысты жаңа ережелер бекітілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Енді осы ережелер бойынша банктің қаржылық жағдайы қаншалықты тұрақты екені, банкке қатысты қандай тәуекелдер бар екені және оның қиындықтары бүкіл банк жүйесіне қаншалықты әсер етуі мүмкін екені бағаланады.

Сонымен қатар, банкке шығын келтіруі мүмкін нарықтық емес шарттармен жасалған мәмілелердің түрлері белгіленді. Банктің жағдайын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бағалайды. Қажет болған жағдайда бағалауға аудиторлар мен басқа да мамандандырылған ұйымдар тартылады.

Бағалау жүргізуге мынадай жағдайлар негіз болады:

  • банктің өз қаржысы немесе қорындағы тез пайдалануға болатын ақшасы заңда белгіленген ең төменгі деңгейден азайса;
  • егер банктің ақшасы жетпей, ол салымшылар мен басқа кредиторларға тиесілі ақшаны 7 жұмыс күні ішінде төлей алмаса;
  • егер банктің ақша қаражаты жетіспей, ақша аударымдары бойынша өз міндеттемелерін 12 ай ішінде үш рет немесе одан да көп рет дұрыс орындай алмаса;
  • банктің басқару жүйесінде, тәуекелдерді бақылауында немесе ішкі тексеру жүйесінде елеулі проблемалар болып, олар банктің қаржылық жағдайына қатты кері әсер етсе;
  • банк өзінің қаржылық немесе реттеуші есептерінде шынайы жағдайды дұрыс көрсетпесе,
  • уәкілетті орган банктің жағдайына қатысты кейіннен елеулі проблемаға әкелуі мүмкін қауіпті белгілерді анықтаса;
  • қаржылық жағдайды жақсарту және/немесе тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шаралардың немесе қадағалау ден қоюының мәжбүрлеу шараларының орындалмауы;
  • банкке қаржылық жағдайын жақсарту немесе тәуекелдерін азайту үшін белгілі бір шараларды орындау тапсырылса;
  • банк қаржылық жағдайын жақсарту үшін жасаған жоспарын орындамаса немесе жоспар күткендей нәтиже бермесе;
  • қаржылық жағдайы нашарлап тұрған немесе қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіру шаралары қолданылып жатқан банк жағдайын одан әрі нашарлататын мәмілелер жасаса, оның ішінде:

- активтерінің сапасын нашарлататын және шығынға әкелетін мәмілелер жасаса;

- нарықтық емес, банкке тиімсіз шарттармен мәмілелер жасаса немесе байланысты тұлғалармен мәміле жасау талаптарын бұзса;

- салымшылар мен кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындауға кедергі келтіретін шамадан тыс міндеттемелер қабылдаса;

- мүлкін тегін немесе нарықтық бағадан едәуір төмен бағамен берсе;

- лицензиясынан айырылуына негіз болатын жағдайларға жол берсе;

- немесе осындай проблемалардың алдағы алты айда туындауы мүмкін екенін көрсететін белгілер болса, оның қаржылық жағдайына бағалау жүргізілуі мүмкін.

Бағалау қалай жүргізіледі?

Жалпы бағалау ақпарат пен құжаттарды талдау арқылы жүргізіледі.

Бағалау кезінде мынадай ақпараттар пайдаланылады:

  • банк қызметін тексеру нәтижелері;
  • банктің тәуекелдерін бағалау нәтижелері;
  • банктің қаржылық және бухгалтерлік есептері;
  • сыртқы аудит нәтижелері;
  • уәкілетті органның банк туралы тексеру және қадағалау барысында жинаған өзге де құжаттары мен мәліметтері.

Бағалау барысында не анықталады?

  • Банктің қаржылық жағдайы
  • Банктің маңызды операциялары
  • Банктің төлем қабілеттілігі
  • Банкті сақтап қалу мүмкіндігі

Ал банктің қаржылық жағдайын бағалау кезінде:

  1. Банктің активтері мен міндеттемелері талданады. Яғни банктің қанша ақшасы мен мүлкі бар, қанша қарызы бар, олардың түрі, валютасы және төлеу мерзімі қандай екені тексеріледі.
  2. Банктің активтерінің сапасы бағаланады. Банктің берген несиелерінің көлемі, қайтарылмай жатқан немесе мерзімі өткен қарыздардың үлесі, банкпен байланысты тұлғаларға берілген қарыздар, несие бойынша шығындарды жабуға арналған резервтердің жеткіліктілігі қаралады. Сонымен қатар бағалы қағаздар, негізгі құралдар және басқа ұйымдардан алынуға тиіс ақшалар да бағаланады.
  3. Банктің міндеттемелері талданады. Банктің халық пен компаниялардан тартқан депозиттері, басқа банктерден алған қарыздары, шығарған бағалы қағаздары және басқа да қарыздары қаралады. Сондай-ақ ірі салымшыларға тәуелділік және кредиторлар, салымшылар мен клиенттер алдындағы мерзімі өткен қарыздардың бар-жоғы тексеріледі.
  4. Банктің болашақтағы міндеттемелері мен талаптары қаралады. Яғни банк белгілі бір жағдай туындағанда орындауға тиіс шартты міндеттемелері және алуға құқылы талаптары есепке алынады.
  5. Банктің өз капиталының жеткіліктілігі бағаланады. Банктің күтпеген шығындарды жабуға және қаржылық қиындықтарға төтеп беруге жеткілікті өз қаражаты бар ма — соған қарайды.
  6. Банктің өтімділігі тексеріледі. Банк қажет болған кезде салымшылар мен кредиторларға төлем жасау үшін жеткілікті ақшаға немесе тез ақшаға айналатын активтерге ие ме — соны анықтайды. Сонымен қатар белгіленген өтімділік нормативтерін сақтап отырғаны тексеріледі.
  7. Банкке қойылатын басқа да қаржылық талаптардың сақталуы тексеріледі. Яғни банктің заңда белгіленген пруденциялық нормативтер мен лимиттерді сақтап отырғаны және олардың белгіленген шектерден аспайтыны немесе төмендемейтіні қаралады.
  8. Банктің негізгі қызметінің нәтижелері талданады. Банктің қанша табыс тауып отырғаны, шығындарының көлемі, кірісі мен шығысының арақатынасы және ақшаның қайдан түсіп, қайда жұмсалып жатқаны бағаланады.
  9. Банкке шығын келтіретін тиімсіз мәмілелер анықталады. Яғни банк нарықтағы қалыпты шарттарға сәйкес келмейтін, өзіне тиімсіз мәмілелер жасап, соның салдарынан шығынға ұшырап отыр ма — соны тексереді.
    Бағалау нәтижесі бойынша банктың қаржылық жағдайы негізінде оның қазіргі уақытта немесе болашақта төлемдерін орындай алмай қалу қаупі бар-жоғы және қаржылық жағдайын түзеп, жұмысын жалғастыра алу мүмкіндігі анықталады.
    Егер банк төлемге қабілетсіз немесе осындай жағдайға жақын деп танылса, оны бірден таратпай, қаржылық жағдайын реттеуге және сақтап қалуға мүмкіндік беретін шаралар қарастырылады:
  • реттеу режиміндегі банктің акцияларын жаңа инвесторға мәжбүрлеп сату;
  • реттеу режиміндегі банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау;
  • реттеу режиміндегі банктің барлық немесе бір бөлігіндегі активтері мен міндеттемелерін басқа банкке немесе банктерге бір мезгілде беру;
  • тұрақтандыру банкін құрып, оған реттеу режиміндегі банктің барлық немесе бір бөлігіндегі активтері мен міндеттемелерін беру.
  • Ал жүйелік маңызы бар банк қиын жағдайға тап болған кезде, оның проблемасы бүкіл банк жүйесіне әсер етпеуі үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсету қажеттілігі де бағаланады.
  • Егер банкті қаржылық тұрғыдан қалпына келтіру мүмкін болмаса немесе мұндай шаралар тиімсіз болса, оны лицензиясынан айырып, тарату мәселесі қаралады.

Бағалау аяқталған соң не болады?

  • Банктің қаржылық, бухгалтерлік және экономикалық жағдайына жүргізілген талдау көрсетіледі.
  • Банктің төлем қабілетсіз немесе ықтимал төлем қабілетсіз екеніне негіз бар-жоғы анықталады. Сондай-ақ арнайы жоспарды орындаған жағдайда банктің қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіріп, жұмысын жалғастыра алатыны көрсетіледі.

Егер банк төлем төлеуге қабілетсіз деп танылса, мына мәселелер анықталады:

Банктер жүйесіне әсері

Банктің проблемалары бүкіл банк жүйесіне қауіп төндіруі немесе елеулі теріс әсер етуі мүмкін бе — соны анықтайды.

Маңызды операциялары

Банктің тоқтап қалуы қоғамға немесе экономикаға әсер етуі мүмкін аса маңызды операциялары бар ма — соны қарайды.

Банкті сақтап қалу мүмкіндігі

Банкті бірден таратқаннан гөрі, оны сақтап қалу үшін арнайы реттеу шараларын қолданған тиімді ме — соны бағалайды.

Мемлекеттің араласу мүмкіндігі

Егер банк жүйелік маңызы бар банк болса, оның жұмысын тұрақтандыру үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсету қажет пе және бұл қаншалықты тиімді — соны анықтайды.

Банк жүйесіне елеулі теріс әсер ету тәуекелдері мен жүйелік тәуекелдердің болуын айқындайтын өлшемшарттар:

  • банк жүйелік маңызы бар немесе ықтимал жүйелік маңызы бар банк деп танылған;
  • банк банк конгломератының құрамына кіреді және оның қаржылық тұрақсыздығы конгломераттың басқа қатысушыларының қаржылық тұрақтылығына теріс әсер етуі мүмкін;
  • банктің қаржылық тұрақсыздығы банк жүйесінде қаржылық тұрақсыздықтың таралу қаупін тудырады;
  • банктің қаржылық тұрақсыздығы елдік тәуекелдің арту қаупін туғызады.

Бағалау кезінде банк қызметінің жеке ерекшеліктері мен мынадай өлшемшарттар ескеріле отырып, аса маңызды банк операцияларының және өзге де операциялардың бар-жоғы айқындалады:

  • банктің банк және (немесе) қаржы нарықтарындағы үлесі, сондай-ақ оның банк өнімдерінің қаржылық қызметтер нарығындағы үлесі;
  • банктің мөлшері және корпоративтік басқару жүйесінің ерекшеліктері;
  • банктің тәуекелдер бейіні;
  • жүзеге асырылатын операциялардың әлеуметтік маңызы, сондай-ақ олардың экономиканың нақты секторына әсері.

Банк қызметін қамтамасыз ететін аса маңызды және өзге де операциялардың орындалуының бұзылуын немесе кідіруін бағалау нәтижелері бойынша мынадай ықпал ету деңгейлерінің бірі белгіленеді:

  • елеулі теріс әсер – банк және (немесе) қаржы секторына, нақты экономикаға және үшінші тұлғаларға теріс ықпал етіп, олардың жұмысының бұзылуына әкеп соғады;
  • орташа теріс әсер – банк және (немесе) қаржы секторына, нақты экономикаға және үшінші тұлғаларға теріс ықпал етіп, олардың жұмыс істеу жағдайының нашарлауына әкеп соғады;
  • ең төменгі теріс әсер – банк және (немесе) қаржы секторына, нақты экономикаға және үшінші тұлғаларға олардың жұмыс істеу жағдайын нашарлатпай, ең төмен деңгейде ықпал етеді.

Қаулы 2026 жылғы 22 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

Бұған дейін Қазақстанда жүйелік маңызы бар банкті реттеу үшін банктердің жарна төлеу қағидалары бекітілгені хабарланған еді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: