Қазақстанда капитал нарығы туралы заң жобасы әзірленді

Деньги, тенге, национальная валюта, национальная валюта РК, национальная валюта Казахстана , сурет - Zakon.kz жаңалық 11.09.2026 10:33 Фото: Zakon.kz/Максим Золотухин
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, "Капитал нарығы туралы" заң жобасын, сондай-ақ оған ілеспе заң жобаларын әзірледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Заң жобасы бағалы қағаздарды, туынды қаржы құралдарын, цифрлық қаржы активтерін және инфрақұрылымдық ұйымдардың қызметін қамтитын капитал нарығын реттеудің бірыңғай заманауи құқықтық негізін қалыптастыруға бағытталған.

Агенттіктің түсіндіруінше, негізгі бағыттардың бірі – компаниялардың капитал нарығына шығуын жеңілдету. Осы мақсатта рәсімдер санын және құжаттарды қарау мерзімін қысқартуға мүмкіндік беретін "бір терезе" қағидатын енгізу ұсынылып отыр.

Нарықта жұмыс істеп жүрген компаниялар үшін жеңілдетілген және негіздемелік проспектілер енгізіледі. Бұл нарықтағы қолайлы жағдай кезінде қаржыландыруды жедел тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бағалы қағаздарды толық проспект әзірлемей шығаруға болатын жағдайлардың тізімі кеңейтіледі. Оның ішінде бағалы қағаздарды білікті инвесторлар арасында орналастыру қарастырылған.

Нарыққа шығу және кәсіби қатысушылардың қызметін дамыту үшін анағұрлым қолайлы жағдайлар жасалады. Кезең-кезеңімен лицензиялау және инвестициялық консультация беру қызметіне жіберудің жеңілдетілген тәртібін енгізу көзделген. Бұл қатысушылар аясын кеңейтіп, тиісті қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар нарық пен оның инфрақұрылымының жұмыс істеу қағидалары жаңартылады. Атап айтқанда, клиринг және есеп айырысу тетіктерін жетілдіру, қысқа мерзімді сатылымдар үшін құқықтық жағдай жасау және исламдық бағалы қағаздардың түрлерін кеңейту ұсынылып отыр. Бұл нарық инфрақұрылымының сенімділігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Заң жобасы инвесторларды қорғауды күшейтуге және нарықтың ашықтығын арттыруға да бағытталған. Ол үшін клиенттердің тапсырмаларын барынша тиімді орындау стандартын енгізу, ақпаратты жария етуге қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеу, инсайдерлік сауда мен нарықтағы айла-шарғыға қарсы іс-қимылдың заманауи тетіктерін қалыптастыру, сондай-ақ биржадан тыс нарықтың ашықтығын арттыру көзделген.

Нарық қатысушыларын реттеу және бақылау жөніндегі функциялардың бір бөлігін қор биржасының реттеуші комитетіне беру ұсынылады. Бұл ретте агенттіктің қадағалау өкілеттіктері сақталады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, заң жобасының қабылдануы капитал нарығының тиімділігі мен ашықтығын арттыруға, эмитенттердің қаржы тарту мүмкіндігін кеңейтуге, инвесторларды қорғауды күшейтуге, сондай-ақ өтімділіктің өсуіне және Қазақстан нарығының халықаралық қаржы жүйесіне ықпалдасуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Құжат 5 қазанға дейін жария талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында орналастырылған.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: