Қазақстанның крипторезерві 700 миллион долларға жетті
Сурет: pexels
Криптовалютадан реттелетін нарыққа көшу
Қазақстанның ұлттық крипторезерві қарқынды өсіп жатыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Алматыда өткен Central Asia Fintech Summit-2026 форумында мәлімдеді.
Биылғы 1 мамырдан бастап елімізде цифрлық қаржы активтерін жалпы юрисдикция аясында реттеудің толыққанды режимі жұмыс істей бастады. Бұған дейін мұндай режим 2022 жылдан бастап Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) қолданылып келген.
Сүлейменовтің айтуынша, негізгі мақсат – дәстүрлі қаржы жүйесі мен жаңа қаржы индустриясын біріктіру.
Реттеу аясына криптовалюталардан бастап токенделген активтерге дейінгі цифрлық қаржы активтерінің әртүрлі түрлері енді. Токенделген активтер – нақты немесе қаржылық нысандардың (акциялар, жылжымайтын мүлік, алтын немесе облигациялар) блокчейндегі бірегей токен түрінде жазылған цифрлық баламасы. Мұндай токеннің құны базалық активтің бағасына тікелей байланысты болады.
Қазақстанда қазірдің өзінде лицензияланған провайдерлер мен криптоайырбастау орындары пайда болды.
Ұлттық банк цифрлық активтермен операция жасауға арналған инфрақұрылымды да дамытып жатыр. KASE мұндай активтерді шығарумен және саудалаумен айналысады, ал Орталық депозитарий ұлттық кастодиандық сақтау жүйесін қамтамасыз етеді. Яғни бағалы қағаздарды, ақшаны немесе криптовалютаны сақтау мен активтерді басқару арнайы үшінші тарапқа – банкке, биржаға немесе кастодианға сеніп тапсырылады.
Банктер мен қаржы ұйымдары реттелетін криптофиаттық арналарды пайдалана алады. Бұл – банк шоты мен криптовалюта платформасы арасында ақша аударуға мүмкіндік беретін ресми құрал.
Сүлейменовтің айтуынша, нарық цифрлық активтермен операция жасау қолжетімділігі жағынан кәдімгі валюта айырбастауға жақындайтын деңгейге келе жатыр.
"Бізде қазірдің өзінде лицензияланған провайдерлер мен криптоайырбастаушылар бар. Яғни криптовалютамен жұмыс істеу теңгені долларға, юаньға немесе еуроға айырбастағандай оңай бола бастады", – деді Тимур Сүлейменов.
Мемлекеттік крипторезерв қалай пайда болды?
Ұлттық стратегиялық крипторезерв құру туралы Ұлттық банк алғаш рет 2026 жылғы ақпанда хабарлаған. Сол кезде оның құрылуы ұлттық резервтерді әртараптандырумен байланыстырылды.
Осы мақсатта Ұлттық банктің басқаруындағы цифрлық активтердің инвестициялық портфелі құрылды. Резервті қалыптастыру көздері ретінде алтын-валюта резерві мен Ұлттық қордан салынатын инвестициялар, сондай-ақ Үкіметтің шешімімен тәркіленген активтер белгіленді.
Цифрлық активтерді сақтау үшін Орталық депозитарий белгіленді. Ол криптокастодиан ретінде әрекет етіп, мемлекеттің активтерінің сақталуын қамтамасыз етуі тиіс.
Осылайша, әңгіме мемлекеттің криптовалюта жинақтауымен ғана шектелмейді. Қазақстан сонымен бірге цифрлық активтердің елдің қаржы жүйесіне енуіне мүмкіндік беретін реттелетін инфрақұрылым қалыптастырып жатыр.
Президент жарлығы цифрлық активтер саласын кеңейтті
2026 жылғы 7 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойды.
Құжат Қазақстанда халықаралық қаржы нарықтарымен интеграцияланған, реттелетін, ашық әрі бәсекеге қабілетті цифрлық активтер нарығын құруды көздейді.
Жарлықта цифрлық активтерді токенизациялау, саудалау, айырбастау, есеп айырысу және сақтау үшін ұлттық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ банк жүйесімен өзара іс-қимыл арқылы криптофиаттық арналарды құру сияқты бағыттар белгіленген.
Трансшекаралық есеп айырысуға да ерекше мән беріліп отыр. 2026 жылдың соңына дейін Құрылтай қарауына Ұлттық банктің талаптарына сәйкес шығарылған стейблкоиндерді тауарлар мен қызметтер үшін төлем жасауға, трансшекаралық төлемдерге және экспорттық-импорттық операциялар бойынша аударымдарға пайдалануға мүмкіндік беретін заң жобасын ұсыну жоспарланып отыр.
Сондай-ақ экономиканың нақты секторын қаржыландыру көздерін кеңейту үшін активтерді токенизациялауды дамыту көзделген.
Ұлттық банктің "реттеуші құмсалғышында" 34 жоба бар
Қазіргі уақытта Ұлттық банктің реттеуші "құмсалғышында" 34 жоба бар. Олардың қатарында токенизация, стейблкоиндер, криптотөлемдер және трансшекаралық есеп айырысулар бар.
Сонымен қатар Ұлттық банк жанынан Цифрлық активтер және төлем жүйелері жөніндегі комитет құрылды.
Бұған қоса, Ұлттық банк Алатау қаласының әкімдігімен бірлесіп, Алатауда CryptoCity тұжырымдамасын әзірлеп жатыр.
Қала тек құрылыс жобалары мен инвестиция тартуға арналған алаң ғана емес, криптоиндустрияны дамыту орталығы болуы тиіс.
Жарлық шетелдік инвесторларға қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді пайдалана отырып, Алматы облысындағы Алатау қаласының аумағындағы жобаларға инвестиция салуға мүмкіндік беретін тетікті құруды көздейді.
Сүлейменов сондай-ақ капитал нарығы мен сақтандыру нарығын дамытудың жаңа бағдарламаларын әзірлеу кезінде токенделген және цифрлық қаржы активтеріне үлкен көңіл бөлінетінін айтты.