Маңғыстау облысында қатты жел соқты
Бұған дейін облыстың Төтенше жағдайлар департаменті кей жерлерде жел секундына 30 метрге дейін күшейетінін ескерткен болатын.
Ведомство облыс тұрғындарына үйде болып, көліктерін ағаштар мен сенімсіз құрылыстардан алыс қоюға кеңес берді.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, түнде Жетібай ауылында қатты желдің салдарынан құрылысы аяқталмаған ғимараттың шатыры ұшып кеткен. Қызылтөбе ауылында 50 шаршы метр аумақта уақытша құрылыстың шатыры жұлынды.
Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Апат салдарынан электр желісінің екі бағанасы зақымданған. Әлеуметтік маңызды нысандар қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Маңғыстау облысы ТЖД
Лада басылымының айтуынша, Ақтауда кірпіш қоршау тоқтап тұрған көліктің үстіне құлаған. Куәгерлердің сөзінше, ескі құрылыс қатты желге төтеп бере алмаған.
Тағы бір жайсыз оқиға облыстық филармония ғимаратының алдында болды. Онда жел тіреуіш құрылымнан жарықдиодты экранды ұшырып әкеткен.
Сонымен қатар, блогер Азамат Сәрсенбаев Каспий теңізінің шарпыған видеосын жариялады.