Алматыда кәріз құдығының қақпағын ұрлайтындар азаймай тұр
Алматыда кәріз құдығының қақпағын ұрлайтындар азаймай тұр. Медеу ауданы тұрғындары бір ғана көшенің бойында оншақты кәріз құдығы ашық жатқанын айтып наразылық білдірді, деп жазады Almaty.tv.
Бұл әсіресе балалар мен егде жастағы адамдар үшін аса қауіпті дейді. Мұндай жағдай әр көктем сайын қайталанатын көлеңкелі бизнеске айналды деп ашынып отыр тұрғындар. Әлеуметтік желіге жүктелген бейнекадрден оншақты құдықтың беті ашық-шашық жатқанын байқауға болады. Бәрі де Медеу ауданындағы бір көше бойында орналасқан. Думан ықшам ауданының тұрғыны Эльмира Ыдырысованың 4 баласы үшін қатты алаңдайтынын айтады. Сыртқа ойнауға шықса, қастарынан бір елі ажырмай жүретін көрінеді.
«Бір ай бұрын көшенің басындағы 3 құдықтық қақпағын алып кетті. Балалар құлайды. Құдық ішіндегі допты аламыз деп өздері түседі. Қасында жүреміз», – деді Медеу ауданының тұрғыны Эльмира Ырысбекова.
«Балалар ойнап жүр, құлауы да мүмкін. Одан кейін машиналар да түсіп кетті. Мына екі жарықтандыру істемейді, түнде жүрудің өзі де қауіпті бұл жерде», – деді Медеу ауданының тұрғыны Ержан Қасаев.
Кәріз құдығын қолды қылғандар оны қайда және қалай тапсыратынын білмекке темір-терсек қабылдайтын орынға бардық. Мұндағы қызметкердің айтуынша, бір құдық қақпағының орташа бағасы шамамен 50 мың теңге. Оңай олжаға үйренгендер көктем сайын қақпақ ұрлауды көлеңкелі бизнеске айналдырып алған көрінеді.
«Қазір 1 келі темірдің құны - 70 теңге. Біз құдық қақпақтарын қабылдамаймыз. Себебі учаскелік полиция қызметкерлері бізді күн сайын тексереді. Егер қабылдағанымызды білсе, айыппұл салады. Оның 200 айлық есептік көрсеткіш. Шамамен 600 мың теңгеден асады. Бұл бізге өте тиімсіз», – деді металл қабылдаушы Павел Игоров.
Медеу ауданындағы жарықтандыру мен кәріз жүйелерін жаңарту сондай-ақ, құдықтарға қақпақ орнату секілді коммуналдық жұмыстар мердігер ұйымның қатысуымен жүзеге асады екен. Мәселен соңғы уақытта бір ғана Думан ықшам ауданында 280 құдықтың қақпағы ұрланған. Салдарынан 4 млн-нан асатын шығын келген.
«Әркез жоғалған сайын орнына қақпағын қоятын болсақ, әкімшілікке де және жол құрылысымен айналысатын компанияға да шығын болады. Қазір мына Медеу аудандық полицияға хат берілді», – деді мердігер ұйым өкілі Нұрбол Әліпов.
Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, қазір аталған факт бойынша сотқа дейінгі тексеру жұмыстары басталған. Қылмыс жасағандар жазасыз қалмайды дейді мамандар.