Жапондық көліктердің контрабандасы: сотталушыларға үкім шығарылды
КТК мәліметінше, прокурор барлығын 19 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрағанымен, сот күтпеген шешім шығарды.
Барлық айыпталушылар ақталып, сот залында босатылды.
Оларға бірден бірнеше бап бойынша айып тағылған. Оның ішінде трансұлттық ұйымдасқан топ құру, контрабанда және заңсыз ақшаны заңдастыру бар.
Тергеу мәліметтері бойынша, ер адамдар Жапониядан Қазақстанға қосалқы бөлшектерді желеумен 250-ден астам оң рульді көліктерді 300 миллион теңгеге жуық ақшаға әкелген. Іс материалдарында көрсетілгендей, автокөліктер жалған құжаттармен сатылған.
Сотталушылар өз кінәларын мойындамады.
Сот олардың барлығын шетелдік көліктерді жеткізген жалдамалы жүргізушілер деп санады. Ер адамдар ақталып, босатылды. Айғақты зат ретінде тәркіленген көліктерді сот иелеріне қайтару туралы шешім қабылдады.
Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан Нұршарыповтың айтуынша, үкім заңды күшіне енгеннен кейін олар қылмыстық қудалау органдарының заңсыз әрекеттері үшін моральдық шығынды өтеуді талап ете алады.