Маймыл шешегі: Әлемде вирус жұқтырғандар саны жиырма мыңға жуықтады
Себебі, елдегі жағдай ушығып барады. Кеселді жұқтырғандардың қатары қазірдің өзінде төрт мыңға жуықтады. Бірақ Ақ үй билігі әзірге қатаң шараларды қолдануға негіз жоқ деп отыр, деп жазады qazaqstan.tv.
Маймыл шешегі вирусының таралу қарқыны бойынша АҚШ қазір әлемде көш бастап тұр. Енді оны тоқтату мүмкін емес.
АҚШ-тың Қоғамдық денсаулық сақтау мамандары осылай деп дабыл қағып отыр. Себебі, індетті жұқтырғандар саны күн өткен сайын көбейіп барады.
Таралу қарқыны әр екі апта сайын екі есе артуда. Елде жақында шешекке қарасты екпе жұмыстары басталды. Денсаулығына алаңдаған жұрт ұзын-сонар кезекке тұрып вакцина алуға асық.
Десе де екпе жетпей жатыр. Мамандар қазірден кеселге қарсы ауқымды шараларды қолға алмасақ, ертең кеш болады деп Ақ үйді сынға алды.
Ал Байден әкімшілігі болса, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы эпидемияны халықаралық ауқымдағы төтенше жағдай деп жариялаған соң ғана бұған алаңдаушылық білдіре бастады.
Әзірге төтенше жағдай жарияламаса да, жағдайды бақылау үшін Ақ үйдің арнайы үйлестірушісін бекітуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, маймыл шешегі әлемнің сексеннен астам елінде анықталды. Вирус жұқтырғандар саны жиырма мыңға жуықтап қалды. Қазіргі таралу қарқыны сақталса тамызда бұл көрсеткіш екі есе өсуі ықтимал.