Алматы қалалық мәслихаты Қостанай облысына гуманитарлық көмек жіберіп жатыр
Төсек жабдықтары қиын жағдайға тап болған әйелдерді әлеуметтік қолдау “Бақытты отбасы” орталығының қолдауымен көп балалы аналардың тігін цехынан сатып алынды. Жалпы 200 төсек-орын тысы сатып алынды.
Алматы қалалық мәслихаты атынан Қостанай облысына гуманитарлық көмек жібергелі жатырмыз. Жүк көлігіне 20 тоннадан астам зат тиелген. Оның ішінде тамақтан ұн, күріш, қант, сүт, май, консервілер, сонымен қатар төсек жабдықтары мен гигиеналық заттар бар. Алматы қаласының мәслихат депутаты Әміржан Нәбиев
Әміржан Нәбиевтің айтуынша, бүгін Алматыдан бірнеше жүк көлігімен гуманитарлық көмек жөнелтіледі. Ал кеше Amanat партиясы мен қалалық әкімдіктен екі жүк көлігі Қостанай облысына қарай аттанды.
Сурет: Zakon.kz
Алматы қалалық мәслихаттың хатшысы Станислав Канкуров бұл көмек тек мәслихат депутаттарының өз қаржысынан жиналғанын айтты. Депутаттар арасында кәсіпкерлер де бар. 20 тоннадан астам гуманитарлық көмекке барлығы 15 миллиондай қаражат жұмсалған.
Жүк көлігі Қостанай облысына шамамен үш тәулікте жетеді.
Гуманитарлық көмекті жасақтауға Amanat және “Ақ жол”, “Қазақстан халық партиясы”, “Ауыл” партияларының депутаттары белсенді қатысты.
Қазір Қостанай облысында ірі орман өртін сөндіру жалғасып жатыр. Өрт аумағы 43 мың гектардан асты. Өрт маңындағы бірқатар ауылдардан 1841 адам эвакуацияланды. Қазақстанның барлық өңірінде қаражат жинау және гуманитарлық көмек қалыптастыру басталды.