Алматыда бір тәулікте 136 жол апаты болды
Полиция департаменті мәліметі бойынша, кеше таңғы сағат 08:00-ден бүгінге дейін қалада 136 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның 26-сында зардап шеккендер бары анықталды.
Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Жалпы, ауа-райының нашарлап, қар жаууына және ауа температурасының төмендеуіне байланысты, жүргізушілерге көліктерінің дөңгелектерін қысқы мезгілге арналған дөңгелектерге ауыстыруларын ескертеді, деп жазады qazaqstan.tv.
Ал Алматыда қар түнімен жауды. Коммуналдық қызметкерлер түнде 105 текше метр қар шығарған. Бұл туралы Коммуналды инфрақұрылым басқармасы хабарлады.
Қазір көктайғаққа қарсы 3 мың тоннаға жуық құм себіліп, арнайы шаралар жасалуда.
Жалпы, 10 сантиметрлік қар жауды. Кейбір жерлерде оның қалыңдығы 16 сантиметрге дейін жеткен. Таулы аймақтарда екі есе көп.
Түнде қар тазалауға 400-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Ал Қазгидромет алдағы күндері Алматыда ауа температурасының түнде минус 8-10 градусқа дейін төмендейтінін хабарлап отыр.