Жамбыл облысында ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды
Polisia.kz таратқан ақпаратқа сай, Жамбыл облысының Полиция департаментімен ұзақ мерзімді жедел іс-шаралардың нәтижесінде облыс прокуратурасымен бірлесіп, Жамбыл өңірінде аса ірі мөлшерде героин есірткі затын өткізумен айналысатын қылмыстық топқа қатысты ауқымды арнайы операция жүргізілді.
2022 жылғы 30 қарашада қылмыстық топтың алты қатысушысы бір мезгілде ұсталды.
Тінту шаралары барысында ұсталғандардан 1,2 келіден астам героин есірткісі, сондай-ақ гашиш есірткі заты, кептірілген марихуана және синтетикалық есірткі тәркіленді.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Барлық ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта есірткі заттарының облыс аумағына түсу арналарын анықтау бойынша шаралар қабылданып жатыр.