Өзенге қоқыс тастағандарға айыппұл салынады
Алматылықтар өзен арнасы маңына тастаған қоқыстары үшін 70 мың теңгедей айыппұл арқалайды. Бұл туралы Қарғалы өзені бойында жүргізілген рейд барысында Наурызбай аудандық ішкі істер басқармасының мамандары айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы қаласы Экология департаментінің бастамасымен әр сәрсенбі өзен-көлдің маңайына тексеріс жүргізіледі. Мониторингтік жұмыстарға жауапты орган өкілдері қатысып, заңсыз салынған құрылыс нысандары мен қоқыс орындарын анықтайды. Бүгін олар Наурызбай ауданына қарасты Қарғалы өзені бойына тексеріс жасады.
"Архитектура, урбанистика, бассейн инспекция сынды жағалауларды тазалаумен айналысатын мекемелерді шақырдық. Аудан әкімдіктері қатысып, сұраққа толық жауап береді", – деді Экология департаментінің ресми өкілі Әділ Нұрпейісов.
Қарғалы өзені арнасының басты мәселесі – қоқыс. Пластиктен жасалған бөтелкелер мен тұрмыстық қалдықтар жетіп артылады. Тіпті құрылыс материалдарын да судың жағасынан табуыңыз бек мүмкін.
"Жеке кәсіпкерлерге мысалы 30 АЕК көлемінде, яғни 103500 теңге айыппұл салынады. Ал егер жеке тұлға болса, 69 мың теңге болады", – деді Наурызбай аудандық ішкі істер басқармасы табиғатты қорғау полициясының аға капитаны Абай Молдашев.
«Аудандық әкімшілік қадағалайды. Ал тендерден ұтып алған мекеме өзен-көлдердің жағалауының тазалығына жауапты», – деді Экология департаменті экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Ерлан Жақиям.
Жағалау бойымен алысқа ұзай алмадық. Себебі заңсыз салынған ғимараттар бөгет болды. Ал өзен маңайындағы кез келген нысан су қорғау белдеуіне сәйкес болуы тиіс. Мәселен, Қарғалы өзені бойындағы ғимараттар 35 метр қашықтықта салынуы керек.
"Су қорғау белдеуіне заңсыз ғимарат салған жағдайда әкімшілік хаттама қарастырылады. Әкімшілік құқық бұзуылса, 360-бап, 1-тармақ бойынша сотқа жіберіледі. Сот шешімі бойынша айыппұл салынып, құрылыстың бұзылуы туралы шешім шығады", – деді «Балқаш-Алакөл» бассейндік инспекциясы мемлекеттік бақылау бөлімінің бас маманы Ғалымжан Қамбарбеков.
57 шақырымға созылып жатқан Қарғалы өзеніне рейд жасау барысында әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Ендігі кезекте тиісті орган өкілдері ескерту бойынша жұмыс істейді.