Қазақстандағы алғашқы такси: Верный қалай автокөліктер қаласына айналды?
Ең алдымен, әлемде автокөлік дәуірі басталған ХХ ғасырдың басындағы Верныйдың келбетін еске түсірейік. Жолдары кең, бірақ асфальт төселмегендіктен маусымаралық кезеңде бәрі балшыққа айналады.
Шағын қаланың қарапайым көрінісіне қарамастан, мұнда сауда-саттық қарқынды дамыды. Верныйдың Торговая көшесінде (қазіргі Жібек Жолы) сауда қызу жүріп жатты. Қалада әлі автокөліктер болмаса да, адам таситын ат арбалар көп еді. Көшедегі қозғалысты реттеу үшін арнайы ережелер қажет болды.
Алғашқы жол-көлік ережелері
Алғашқы жол-көлік ережелері тек арбаларға қатысты болды. Осылайша, ат арбалар мен экипаждар көшелердің оң жағымен жүруге, қараңғы уақытта шамдарын жағып, өрт сөндірушілерге, әскерилерге, жерлеу рәсімдері мен шерушілерге жол беруге міндеттелді. Айта кетейік, ол кезде арбалардың қатысуымен де жол-көлік оқиғалары болып тұратын. Тіпті, сондай жол апаттарының біреуінің фотосуреті Тарнецкий баспасының верныйлық ашық хаттарында бейнеленген.
Сурет: АПН
Жалпы, Жетісу облысындағы автокөліктердің қозғалыс ережелері алғаш рет 1909 жылы тұжырымдалды. Айта кетейік, аймақта алғашқы көлік ары кетсе 1912 жылы пайда болды. Демек, билік өкілдері жол ережелерін одан бұрын жасап, бұл мәселеге алдын ала дайындалған көрінеді.
Бұл ережелер сол кездің көлік қозғалысына қатысты өзекті мәселерді қамтыды. Жүргізуші куәлігін алған 18-60 жас аралығындағы адамдар ғана көлік жүргізе алды. Ол құжатты алудың өзі оңай емес еді.
«Комиссияда жүргізілетін сынақта автокөлікті басқара алатынын, оның барлық құралдарын қолдана алатынын және көлікке жеңіл зақым келген жағдайда, оны жөндей алатынын дәлелдеген адамдарға ғана рұқсат беріледі», – делінген Түркістан генерал-губернаторының қаулысында.
Жыл сайынғы тексеруден және сынақтан өткен машиналарды ғана пайдалануға рұқсат берілді – қазіргі техникалық байқаудың аналогы. Кем дегенде екі тежегіш механизмі болуы және олардың әрқайсысы машинаны құрғақ жолда сағатына 12 шақырым жылдамдықта тоқтата алуы шарт еді.
«Автокөлік анық естілетін сигнал беру құралымен жабдықталуы тиіс. Алдыңғы екі жағында екі шаммен және артында бір шаммен жабдықталып, сол жақ әйнегінде экипажға берілген нөмір белгісі болуы тиіс. Шамдарға түрлі-түсті шыны қойылмауы керек», – делінген ережелерде.
Демек, автокөліктердің мемлекеттік нөмірі сол кезде де болған. Нөмір бейнеленген тақтайшалары қазіргідей көліктің алдыңғы және артқы жағына бекіту керек болды.
Сурет: АПН
Жүргізуші куәлігінен айыру
Қала мен ауылдарда көліктің жылдамдығын сағатына 12 шақырымнан асырмауға шек қойылды. Ал елді мекендерден тыс жерлерде сағатына 30 шақырыммен жүруге рұқсат етілді. Сондай-ақ жүргізушілерге жолда жылқыларды үркітуге тыйым салынды. Бірақ жаяу жүргіншілер мен жолдағы басқа да қозғалыс құралдарына сигнал беруге болатын.
Бұл ережелерді бұзған азаматтарды қалай жазалады? Селқос жүргізушілерге қолданылатын шаралар құжатта жазылмаған, бірақ басты екі бұзушылық – мас күйде көлік айдағаны және көлік құралын қауіпті басқарғаны үшін жазалау шаралары туралы айтылады. Жүргізушіні автокөлік басқару рұқсатынан айыруға дейінгі жазалар қарастырылған.
Сурет: АПН
Қазақстандағы алғашқы автокөлік
1912 жылғы қаңтарда Тоқмақтан (қазіргі Қырғызстан аумағы) Бабахан Нұрмұхаммедбаев есімді кәсіпкер билікке сынақ режимінде автокөлік қатынасын ашу туралы өтінішпен жүгінген. Ол болашақта Пішпек, Тоқмаққ, Верный, Арасан және Мерке арасында коммерциялық рейстер ашқысы келді.
Кәсіпкер сынақ сапарларын өткізу үшін Верныйға француздың Berliet маркалы автокөлігін алып келді. Оны өңірдегі және Қазақстандағы алғашқы автокөлік деп санауға болады. Қазір ұмытылған бренд, бірақ өткен ғасырдың басында өте танымал болған.
Сурет: АПН
«Berliet автокөлігінің салмағы 90 пұт, қанаттарының ұзындығы 6,5 аршын, ені 2,5 аршын, биіктігі 3 аршын. Бензин қозғалтқышы, 4 цилиндрлі, 4 жолақты тежегіш. Пайдалану мақсаты – жолаушы тасымалы, екі үлкен ацетилен шамымен және екі кіші керосинмен жарықтандыру. Тік бұрылыстардан өте алады», – делінген облыстық инженер Андрей Зенковтың қолы қойған комиссия қорытындысында.
Көлік Верный көшелерінде, Қапал трактісінде «қатты бұзылған жолдармен», сондай-ақ тік қиялар мен дөңдерде жүргізілген сынақтардан сәтті өтті.
Верныйда бұл автокөлікті басқара алатын ешкім жоқ еді. Сондықтан Нұрмұхамедбаев Курляндиядан (қазіргі Эстония) 26 жастағы Иоганн Рейнвальдты алдырды. Комиссия оның «жалпы денсаулығы, есту және көру қабілеті жақсы» деген қорытынды жасап, көлікті басқаруға рұқсат берді. Көптеген тарихшылар Иоганн Рейнвальдты Орталық Азияда ғана емес, бүкіл Ресей империясында алғашқы такси жүргізушісі болды деген пікірде.
Сурет: АПН
1913 жылы Рейнвальдтың автокөлікті Нұрмұхаммедбаевтан сатып алып, жолаушылар тасымалымен айналысқаны белгілі. Ал 1914 жылы оның бәсекелесі пайда болды: өңірге чехиялық Laurin & Klement маркалы көлігін айдап келген Владимирск губерниясының тумасы Николай Суровцев та жолаушылар тасымалымен айналысты.
Сурет: АПН
Осылайша, Қазақстандағы алғашқы автокөліктер, алғашқы шопыр мен алғашқы такси Верныйда пайда болды. Ал 1923 жылға қарай автокөліктерді есепке алу жүргізілген кезде Қазақстанда 126 көлік тіркелген екен.