Тоқаевтың Ресейден Қазақстанға ұшып кетті
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Сурет: akorda
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8-9 мамыр күндері Ресейге барды. Ол жұмыс сапарының алғашқы күнін Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ірі шайқастар болған Ржев округіндегі тарихи жерлерге барудан бастады.
Мемлекет басшысы 100 және 101-дербес атқыштар бригадасының құрамында соғысқан қазақстандық жауынгерлерге арналған мемориалдық кешенге гүл шоғын қойып, боздақтардың рухына тағзым етті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қырғызстандық жауынгерлерге арналған мемориалға гүл шоғын қойып, қаза тапқан солдаттарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Бұл жерде 2 мыңнан астам сарбаз жерленген. Олардың қатарында Президенттің ағасы – Қасым Болтаев та бар.
Осыдан кейін Мемлекет басшысы Тверь облысына жасаған сапары аясында Ржевтегі совет солдатына арналған мемориалға гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Президент құрмет қарауылымен бірге ескерткішке гүл шоғын қойып, қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті.
Мұнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ржев округі Трубино деревнясындағы бауырластар зиратына гүл шоғын қойды. Мемлекет басшысы Ржев түбіндегі сұрапыл шайқас кезінде қаза тапқан және із-түзсіз жоғалған боздақтардың рухына тағзым етті.
Ал бүгін, 9 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңістің 78 жылдығына орай Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен әскери парадқа барды. Сондай-ақ Белгісіз жауынгер бейітіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.
Парадқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Ресей Президенті Владимир Путинмен қатар Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян болды.