Жамбыл облысында халықтың денсаулығын жақсарту басты орынға қойылған
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанованың айтуынша, статистика департаментінің соңғы деректеріне сәйкес облыс бойынша 1 219 437 тұрғынға 389 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, облыста 369 елді мекен болса, 284-і жедел жәрдеммен қамтылған. Ал 88-і жедел медициналық көмекпен қамтылмаған.
Облыс бойынша барлығы 11 жылжымалы медициналық кешен бар. Биыл барлығы 265 елді мекенді қамту жоспарланса, жыл басынан бергі 3 айда 72-сі қамтылды. Сондай-ақ, 2023 жылы 96 239 тұрғынды медициналық тексерумен қамту жоспарланып, 3 айда 29 309 тұрғын қамтылды. 7 273 диагностикалық зерттеу, 1 434 зертханалық тексеру, 40 540 бейінді мамандардың консультациясы көрсетілді. Тұрғындарды қарау барысында 1 697 науқас анықталды, – деген Жанар Мықтыбекқызы салада құрылыс жұмыстары да қарқын алғанын айтты.
Мәселен, өткен жылы 8,6 миллиард теңгеге 26 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіліп, 20-сы пайдалануға берілген. Сонымен қатар, 474,7 миллион теңгеге 8 нысан күрделі жөндеуден өткен. Ал биыл өңірде саланың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 2,8 миллиард теңгеге 19 жоба басталған. Жыл соңына дейін 17-сі пайдалануға беріледі.
Қосымша "Ауыл – ел бесігі" жобасы шеңберінде Қордай ауданында Масаншы ауылдық ауруханасының емханасына қосымша құрылыс салуға және Сортөбе ауылындағы ауылдық аурухана аумағында бір ауысымда 200 адам қабылдайтын емхана салу жобасына қаражат қаралды.
"Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдар аралығында өңірде 5,2 миллиард теңгеге 30 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар жоба шеңберінде 3 ауданда (Меркі, Шу, Талас аудандарында) ауданаралық көпбейінді орталық ауруханалар құру үшін қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу көзделуде. Жалпы жоба барлық ауылдарды тиісті медициналық инфрақұрылыммен және халықты сапалы қызметпен қамтуға мүмкіндік береді. Шұғыл және орта технологиялық медициналық көмек алу қашықтығы 500-ден 200 шақырымға дейін қысқарады. Нәтижесінде денсаулық сақтау ұйымдарының тозу деңгейі 38,8 пайыздан 36,7 пайызға дейін төмендейді.
Бұдан бөлек 1,4 миллиард теңгеге 10 нысанның күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асырылды. Жалпы сипаттағы трансферттермен 1486,7 миллион теңге бекітіліп, осы қаржы шеңберінде 9 нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Мұның барлығы саладағы көрсеткіштердің оң динамикасын қалыптастыруға септігін тигізеді, – дейді Жанар Оспанова. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын жабдықтауға да айрықша назар аударылған. Соңғы 3 жылда жергілікті бюджет есебінен 9,1 миллиард теңгеге материалдық-техникалық базаны нығайтуға медициналық құрал-жабдықтар және медициналық мақсаттағы бұйымдар алыныпты. Республикалық бюджет қаражаты есебінен 1 сызықтық үдеткіш сатып алынған. Оған қосымша қаржы лизингі шарттарымен 12 дана санитариялық автокөлік облыстық жедел жәрдем стансасына табысталған. Нәтижесінде 2023 жылдың 3 айында медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету облыс бойынша 90,8 пайызды құрап, 3,8 пайызға өскен.
Ал 2023 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысымен "Дені сау ұлт" әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау" ұлттық жобасы көрсеткіштерінің 3 мақсатты индикаторы мен 10 нысаналы көрсеткішінің біреуіне қол жеткізілмеген.
2023 жылдың төрт айының қорытындысымен 3 ана өлімі тіркеліп, облыстық көрсеткіш 36,8-ді құрап отыр екен. Сондай-ақ, облыстың 2022- 2024 жылдарға арналған халықтың денсаулық жағдайын жақсарту бойынша Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі мен облыс әкімі арасында жасалған меморандум көрсеткіштерінің біреуіне қол жеткізілмеген. Алдағы уақытта мақсатты индикаторлар мен нысаналы көрсеткіштерді толық орындау үшін кешенді жұмыс атқарылмақ. Осы орайда кадр мәселесіне тоқталмай кетуге болмайды. Медицина саласындағы қаны шығып тұрған түйінді мәселенің бірі – маман тапшылығы. Бүгінде сала басшылығы түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға ұмтылып-ақ жатыр. Облысымызда қазіргі таңда 341 бастапқы медициналық-санитариялық көмек және 36 ауруханалық нысанда 15 783 медициналық қызметкер қызмет атқаруда. 2022 жылдың қорытындысымен 120 маман тапшы болса, бүгінде өңірдегі денсаулық сақтау мекемелеріне 80 дәрігер жетіспейді.
Маман тапшылығын шешу мақсатында облыстың грантымен жалпы медицина мамандығы бойынша 42 студент оқиды. Биыл жоғары оқу орнын бітірген 16 дәрігер жұмысқа кірісті. Қосымша 63 дәрігер резидентурада оқиды. Республикалық бюджет есебінен 46 резидент, медициналық ұйым есебінен 5 маман резидентурада оқытылуда.
Соңғы 3 жылда 415 жас маман келді. Жас мамандарды тұрақтандыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 800 мың теңге көтермеақы бөлу, республикалық бюджет есебінен 1 500 АЕК көлемінде бюджеттік кредит бөлу, 100 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы беру және коммуналдық қызметтерге арналған шығындарды өтеу секілді әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілуде, – дейді Ж.Оспанова.