Сотта Серік Күдебаевтың қашуының жай-жапсары белгілі болды
18 шілдеде Алматы облысы Кеген аудандық соты Серік Күдебаевқа қатысты Қазақстанның мемлекеттік шекарасын өткізу пункттерінен тыс қасақана заңсыз кесіп өту фактісі бойынша қылмыстық істі қарады.
Сот анықтағандай, 2023 жылдың 15 наурызында сағат 04:30 шамасында Кеген ауданында сотталушы тікенек сымнан жасалған спиральды қауіпсіздік шлагбаумының төменгі деңгейін көтеріп, Қазақстан-Қырғызстан шекарасы арқылы өткізу пунктінен тыс жерде өтіп кеткен. Кейін Күдебаев "Манас" әуежайы арқылы Түркияға ұшты. Ұсталғаннан кейін ол Қазақстанға экстрадицияланды.
Серік Күдебаев елден қашқаны үшін жаңа мерзім алды. Оған қосымша алты ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бұған дейін оның адвокаты соттан генерал-майорға елден қашқаны үшін 1000 АЕК-ке дейін (3 миллион теңгеден астам) айыппұл салуды сұраған болатын.
2022 жылдың 13 мамырында Серік Күдебаев қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылғаны белгілі болды. Бас прокуратура Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысына "ауыр зардаптарға әкеп соқтырған қызметтегі әрекетсіздік" үшін айыпталып жатқанын хабарлады. Күдебаевтың өзі оқиғаның өз нұсқасын ұсынып, қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Талдықорғаннан не үшін кеткенін түсіндірді.
Сәуір айының басында ол сотқа келмей, елден қашып кеткен (алдымен Қырғызстанға, кейін Түркияға), содан кейін оған халықаралық іздеу жарияланған. Бір ай өтпей жатып Серік Күдебаев Түркияда ұсталып, Қазақстанға жеткізілді.
Ол 10 жылға сотталды, бірақ ол апелляциялық шағым түсірді.
Серік Күдебаев 2020 жылдың қаңтарынан бері Алматы облысы полиция департаментінің басшысы қызметін атқарды. 2022 жылдың 18 ақпанында ішкі істер органдарындағы қызметінен өз еркімен кетті.