Алматы облысындағы ауыл тұрғындары су құбырының іске қосылуын бірнеше жылдан бері күтіп жүр

Екі мыңнан астам адам тұратын елді мекенде байланыс жүргізілгенімен, іске қосылмаған. Көп жыл бойы жергілікті тұрғындарды көше колонкалары құтқарып келеді. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
"Күніне бірнеше рет су тасуымыз керек. Кір жуғыш машинаны қоса алмайсың, бақшаны суара алмайсың. Ең сорақысы - қарттарымызға қиын".Бахаргүл Самықова, тұрғын
Ауылда орталықтандырылған су құбыры бар. Ол екі жыл бұрын жасалған. Алайда онымен су жүрмеді. Бәрі аяқталмаған құрылыстың, дұрыстап істелмеген жұмыстың кесірі. Мердігердің кінәсінен нысандағы жұмыстар аяқталмай қалған. Жергілікті әкімдік құрылысшыларды сотқа берді.
"Енді нысанда тек су қоймасын бітіру қалды. Бұл мақсатқа 37 миллион теңге бөлінеді. Қазір сот процесі аяқталды. Сот мердігерге кемшіліктерді жойып, барлық жұмысты аяқтауды міндеттеді".Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсембаев
Қорыта айтқанда, Шалкөдедегі орталық су құбыры екі айдан кейін іске қосылады деп уәде етілген. Келер жылы Тұзкөл ауылына орталықтандырылған су құбырын тарту жоспарланып отыр. Жобалық-сметалық құжаттары дайын, қаржы бөлінеді.
Айта кетері, Алматы облысының ауыл тұрғындары су мәселесіне шағымданудан шаршаған. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Бесағаш тұрғындары арнайы резервуардан ыдыстарды толтыру үшін ауылдың арғы басына баруға мәжбүр, су жиі жетпейді. Халық осы мәселені шешіп беруді сұрап, шенеуніктердің табалдырығын қайта-қайта қаққанымен, еш нәтиже жоқ.