Таиландта италиялық кәсіпкерді тонағандардың арасында қазақстандықтар болғаны рас па
Айбек Смадияров бұл қауесеттен хабардар екенін, бірақ Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне Таиландтан ресми ақпарат келмегенін атап өтті. Ол таиландтық БАҚ-та жарияланған италиялық кәсіпкерді тонауға қазақстандықтардың да қатысы екені туралы ақпаратқа түсініктеме беруге құқығы жоқ екенін баса айтты.
"Сіздер бұл оқиға жөнінде таиландтық БАҚ-тан оқыдыңыздар. Мен сіздерге ресми өкіл ретінде айтайын: біз бұл ақпаратты Тайланд билігінен ресми түрде алған жоқпыз. Ал қалғаны қауесет қана." Айбек Смадияров
СІМ спикері министрліктің тергеу жүргізбейтінін және құқық қорғау органдарының жұмысын атқармайтынын атап өтті.
"Біз азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерінің, тіпті олар қылмыскер болса да, бұзылмауын қамтамасыз етуге міндеттелетін сыртқы саясат ведомствосымыз". Айбек Смадияров
12 қыркүйекте Шешенстаннан шыққан аралас жекпе-жек шебері Хусейн Асхабов пен оның сыңар інісі Таиландта ұсталғанын хабарлаған едік. Олар италиялық кәсіпкерді ұрлап, азаптап, тонаған деген күдікке ілінген. Күдіктілердің арасында Қазақстан азаматтары да бар деген ақпарат тарады.