"Ғабитке сәлем айтыңыз!". Стадионда Головкинмен сөйлескен ер адамның кім екені белгілі болды
Otyrar.kz Головкинмен сөйлескен видеодағы ер адам оңтүстік мегаполистің жаңа әкімінің әкесі, кәсіпкер Әбдімәжит Сыздықбеков екенін нақтылайды. Ол кісі Геннадий Головкинге 2015 жылы Монакодағы жекпе-жегі кезінде эксклюзивті шапан сыйлаған екен. Ер адам өзінің кумирін көріп, оған еткен еңбегі, патриотизмі үшін тағы да алғыс айтып, оны ұлы боксшы деп атады.
"Сіз Қазақстанды бүкіл әлемге, Америкаға, Мексикаға таныттыңыз. Геннадий Головкинге рақмет айтамыз. Сіз сияқты боксшылар көбейе берсін. Бірақ сен жалғызсың, ұлысың", - дейді Әбдімәжит Сыздықбеков видеода.
Геннадий Головкин әңгіменің соңында: "Ғабитке сәлем айтыңыз", - дейді. Соған қарағанда атақты спортшы Шымкент қаласының жаңа әкімі Ғабит Сыздықбековті жақсы танитын сияқты.
Айта кетсек, 10 қыркүйекте Қазақстан құрамасы Еуро-2024 іріктеу матчында Солтүстік Ирландияны 1:0 есебімен жеңіп кетті. Матчқа 28 458 көрермен қатысты, олардың арасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен атақты боксшы Геннадий Головкин де болды.