Ақбөкендер реттеуге жататын жануарлар тізіміне енгізілген
Атап айтқанда, халықтың денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа да үй жануарларын аурулардан қорғау, қоршаған ортаға залал келтірудің алдын алу, ауыл шаруашылығы қызметіне елеулі зиян келтіру қаупін болдырмау мақсатында саны реттеуге жататын жануарлар түрлерінің тізбесіне ақбөкендер қосылды.
Бұл тізімге мыналар да кіреді:
- қасқыр
- шиебөрі
- қарға
- үлкен суқұзғын
- жыланбастар (Арал-Сырдария популяциясынан басқа).
Бұйрық 2023 жылғы 6 қазанда күшіне енеді.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында ақбөкендердің миллион гектар жайылымдық жерді таптап, 1300 шаруа қожалығы зардап шеккені, Ақмола, Ақтөбе және басқа да облыстарда егіннің жойылғаны хабарланған болатын.
Қазақстанда ақбөкенді атуға мораторий 2024 жылға дейін күшінде. Қазіргі уақытта елімізде олардың саны 3 миллионға жуықтаған.