"Жөргегіндегі нәжісін жегізген". Астанада науқастарды мазақ қылған студентке әлі үкім оқылмады

КТК телеарнасының хабарлауынша, Медицина университетінің жоғары курс студенті айықпас дертпен күресіп жатқан науқастарға көрсетпегенді көрсеткен. Басынан ұрған, қолымен нұқыған, ең сорақысы, мүгедектердің жөргектерін ашып, ондағы нәжісті жеуге мәжбүрлеген.
Студент-дәрігер мұны видеоға түсіріп, жора-жолдастары отыратын арнайы чатқа жіберіп отырыпты. Науқастардың басына пакет кигізген, жерге жатқызып тепкен. Ал оның достары мұны әлеуметтік желіге таратып жіберген. Жәбірленушілердің туыстары сотқа бірден жүгінеді.
"Ол жасөспірім бала, медакадемия студенті. WhatsApp мессенжері чатын ашып, оны "Сідік" деп атайды. Сол чатқа өзінің араласып жүрген жора-жолдастары қосылады. Соларға осындай видеолар түсіріп, ақпарат таратқан. Сондай-ақ, қазір айтылмаған ақпарат бар. Бұл бала жалғыз өзі істемеген. Оның қасында тағы бір студент болған. Оған қатысты да бөлек қылмыстық іс ашылады деген ақпарат бар".Адвокат Мерхат Ахметолдин
Хоспис басшылығы желідегі видеодан кейін дәрігерді бірден жұмыстан шығарып жіберіпті. Қызметке аларда бойынан күдік туғызар еш белгі көрмеген едік деп отыр. 21 жастағы студент кішіпейіл, науқастардың іші-бауырына кіріп тұрған.
"Болашақ дәрігер дейміз, практикамды осында өткіземін деген соң, біз оны қабылдадық. Бізде жұмыс істеген кезде кішіпейіл, оның адамға деген қарым-қатынасынан, сөйлеу мәнерінен психологиялық өзгерістерін байқаған жоқпын. Енді күнделікті аралап қарап кеткеніммен, жеке былай әрқайсымен... Жұмыс барысын білесіз ғой. Пациенттердің бұдан басқа ұйымдастырушылық жұмыстары бар".Клиника директоры Гүлмира Князьбекова
Палеативті орталықтан оңай құтылған студент-дәрігер озбырлығын басқа клиникада жалғастырған. Кино сценарийіне бергісіз оқиға науқас балаларды бейімдеу орталығында жалғасады. Мұнда да, тағдыры онсыз да маңдайынан сипамаған балаларды ұрып-соққан. Тіпті сексуалдық сипаттағы қорлық көрсетіпті.