Қазақстанның үш қаласында ауа жоғары деңгейде ластанады
Мамандар 13 қарашада Астана, Шымкент және Жезқазған қалаларының тұрғындары мен қонақтары қолайсыз метеорологиялық жағдайға тап болатынын ескертті.
Қолайсыз ауа-райы жағдайы (ҚАЖ) – атмосфералық ауаның беткі қабатында зиян (ластаушы) заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді метеорологиялық факторлардың (тыныш, аз жел, тұман, инверсия) жиынтығы. ҚАЖ кезде елді мекендердегі атмосфера ауасының сапасы нашарлауы мүмкін.
Ластану деңгейінің қалыптасуын анықтайтын маңызды факторлардың бірі – синоптикалық жағдайды болжау (жел, жауын-шашын, ылғал, ауа температурасы).
Қолайсыз ауа-райында мына әрекеттер ұсынылады:
- ашық ауада, әсіресе тас жолдардың немесе басқа ластаушы көздердің жанында уақыт өткізуді қысқарту;
- балалар мен жүкті әйелдер ұзақ серуеннен аулақ болуы керек;
- өкпенің созылмалы ауруы, жүрек-қан тамырлары ауруы және аллергиясы бар адамдар көшеде жүргенде өзімен бірге дәрісін алып жүруі керек;
- Ашық ауада физикалық белсенділікті шектеңіз. Дене шынықтыру және спорт іс-шарасы жабық спорт кешенінде өтуі керек.
Бір күн бұрын синоптиктер еліміздің 15 облысында боран қаупі бар деп ескертті. Мамандар елдің басым бөлігінде жаңбыр мен қар түріндегі қатты жауын-шашын, көктайғақ болады деп болжады.