Жамбыл облысында аурухананың сарқынды суы сыртқа ағып жатыр
Халық химиялық қалдықтар енді жерасты суына сіңіп, ауру тарай ма деп алаңдайды. Аурухананың сүзу алаңдары аузына дейін толып кеткен. Ал аудандық ауруханада жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмысы ай соңында аяқталмақ. Былтыр басталған жұмысқа қазынадан 560 млн теңге бөлінген. Бірақ қыруар қаржыға кәріз жүйесін жаңғырту жұмысы енбей қалыпты, деп жазады qazaqstan.tv.
Сайға қарай аққан сарқынды суды аурухана басшылығы тек "қауіпті" деген лентамен қоршаған. Кей кәріз қақпақтарының беті ашық қалған. Аурухана басшылығы су сүзу тораптарының тозығы жеткенін жоққа шығармады. Амалсыз түзге төгіп жатқандарын да мойындады. Алайда мәселені енді мемлекеттік конкурсты ұтқан мердігер реттемек. Құбыр құрылысы бір айда бітеді деп сендірді.
"Кәріз жүйесінің қазіргі таңда ескіргенін, оны біз айтамыз. Ол мәселе бар! Сондықтан біз қазір фильтрациялы аумаққа ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасайын деп жатырмыз. Фильтрлі аумақтың жан-жағын қоршап, қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз." Мейрамбек Дәрменов, Меркі аудандық ауруханасының бас дәрігері