Жаңалықтар тізбегі
0

Ұлттық Банк неге коммерциялық болып табылмайды?

Ұлттық Банк неге коммерциялық болып табылмайды?, сурет - Zakon.kz жаңалық 29.11.2023 11:56 Сурет: ҚР Ұлттық банкі
Ұлттық Банк дегенде оны кәдімгі банк, әсіресе жекеменшік Халық банкімен шатастыратын жандар аз емес. Осы мәселеге тоқталып, қарапайым тілмен түсіндіріп кету аса маңызды.

Банк атауы болса да, Ұлттық Банк ақша процесін реттеп отыратын мемлекеттік мекеме. Ендеше неге ол банк деп аталады?

Оның барлығы Қазақстанның екі деңгейлі банк жүйесін қабылдауымен байланысты. Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдары біз әлемдік тәжірибеге сүйеніп, мемлекеттердің басым бөлігі қолданатын екі деңгейлі банк жүйесін таңдап алдық.

Яғни, бір мемлекеттік мекеме - орталық банк болады. Ол банк жүйесінің ең бірінші деңгейінде тұрады. Ал қалған банктердің барлығы екінші деңгейлі болып саналады. Бірінші деңгейлі Ұлттық Банк мемлекеттің атынан әрекет етеді. Яғни, ұлттық валюта теңгені басып шығарады, елдегі ақша-несие саясатын жүргізіп отырады. Ақша-несие саясаты туралы алдыңғы мақалаларда кеңінен түсіндірген болатынбыз.

Демек, Ұлттық Банктің нақты әрі негізгі мандаты - инфляцияны бәсеңдету және бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету. Реттеуші бұл функцияны мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеп, іске асыру арқылы орындап шығады.

ҰБ-ның басқа да міндеттемелері:

  1. Төлем жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ету;
  2. Валюталық реттеуді және валюталық бақылауды жүзеге асыру;
  3. Қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге қолдау көрсету;
  4. Ақша-кредит статистикасы мен сыртқы сектор статистикасы саласында статистикалық қызметті жүзеге асыру.

Ұлттық Банк мемлекет атынан қызмет етеді. Сол себепті ол коммерциялық емес. Яғни, ол өз қызметінде пайда табуды көздемейді.

Ал екінші деңгейлі банктер өзіміз үйренген классикалық банк ретінде әрекет етеді. Халықтан депозит жинайды, кредит береді, төлемдерді жүзеге асырады. Сол арқылы пайда табады. Бұл банктердің барлығы жекеменшік болуы шарт емес. Мысалы, кез-келген банкте мемлекеттің үлесі болуы мүмкін.

Одан бөлек, құқықтық статустары бөлек, толық мемлекетке бағынатын, Үкіметтің экономикадағы, әлеуметтік бағыттағы саясатын жүзеге асыратын арнайы қаржы ұйымдары бар. Олар да банк деп аталады. Мысалы, Отбасы банк пен Қазақстанның даму банкі. Бұл қаржы ұйымдары да екінші деңгейлі банк сатысына жатқызылады.

Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық Банк мақсаты елдегі қаржылық тұрақтылықты сақтау, инфляцияны жоспарланған межеде ұстап отыру. Ал екінші деңгейлі коммерциялық банктердің мақсаты халық пен бизнеске қызмет көрсетіп (кредит, депозит, төлемдер, банктік басқа да қызметтер), сол арқылы өз клиенттерін молайтып, кіріс алу.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: