Кезінде көлігін де, үйін де құмар ойынға тігіп жіберген атыраулық қазір лудомандарды емдеп жүр
Нәтижесінде тұрақты түрде келетін 25 ойынқұмардың екеуі отбасымен қосылып, 1-і суицидке бару райынан қайтқан. Әзірге орталықтың тұрақты ғимараты жоқ. Бірақ көмек сұрап келушілер күн сайын көбейіп келеді, деп хабарлайды Astana.tv.
28 жастағы Нұртас Нұрғалиұлы - өзін лудоман ретінде ашық мойындаған жастардың бірі. Ол 12 жыл бойы құмар ойынның шырмауында шырмалған. 50 мың АҚШ доллары желге ұшқан. Үйі мен қос көлігінен айырылыпты. Бәрінен бұрын уақыт пен сенімнің орнын толтыру қиын, - дейді ол. Шырмаудан шығып, өзіне келген ол құмар ойынның құрбаны болған адамды туыстары жасырмай, ашық айтқанда ғана күрес жеңіл болатынын айтады.
"Лудомандар әр бейсенбі сайын аноноимді түрде оқиғасымен бөліседі. Жұмада футбол ойнайды. Ақша тігеді. Көбіне мұндайда туыстары "кредиттен босатады, өмір көреді" деген мақсатта жігітті әскерге жібереді. Ал ол жақта бәрі жақсы деп кім айтты? Одан бөлек емші-балгерге сенеміз. Ол да бос әурешілік. Ойыншылар, негізі тұйық болады. Тұйық болғаннан кейін ашылмайды. Сондықтан оларды қоғам түсінбейді. Біздің мақсат - оларды ашу, одан соң жіпті ары қарай тарқата отырып, дұрыс жолға түсіру". Нұртас Нұрғалиұлы
Нұртас Нұрғалиұлының айтуынша, онсыз да қаржы қиындығынан шыға алмай жүргендердің туыстары құны қол жетпейтін көршілес елдерден келетін психотерапев қабылдауына жарыса жазылады. Өйткені Атырауды айтпағанда, елімізде маман жоқтың қасы.