Суға батып бара жатқан баланы құтқару кезінде қаза тапқан ақтөбелік азаматтың отбасына пәтер сыйға тартылды
Салтанатты шараның ашылуында қала әкімі Азамат Бекет ақтөбеліктерді құттықтады:
"Құрметті жерлестер! Бүгін біз 2023 жылды қорытындылай отырып, әр салада аянбай қызмет етіп абырой биігінен көрінген азаматтарға "Жыл үздігі-2023" номинациясын табыстағалы отырмыз. Бүгін сіздердің араларыңызда еңкерліктің, Отанды сүюдің, қайырымдылықтың озық үлгісі болған жандар отыр. Оларды бүгінгі марапаттарымен шын жүректен құттықтаймын!", - деді Азамат Бекет.
Сурет: Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Құттықтау сөзінен кейін қала әкімі номинация иегерлеріне "Жыл үздігі -2023"наградасын табыс етті.
Марапатталғандардың арасында суға батып бара жатқан адамды құтқару кезінде қаза тапқан ақтөбелік Медет Төлеуғалиевтің отбасы да болды. Марқұмның артында әйелі мен 6 баласы қалды. Демеушілердің, жанашыр жандардың арқасында отбасына екі бөлмелі пәтер берілді.
"Бүгін біз үшін ерекше тосын сый жасаған жомарт жандарға алғысым шексіз. Дәл бүгін пәтер кілтін береді деп ойламадым. Әрине, жолдасым ерлік жасады. Мен де, балалар да оны мақтан тұтамыз. Оның орны толмайды. Одан айырылып қалғанымызға 6 ай болды. 6 баламен қалдым, кішкентайым жастан енді асты. Бізге баспана сыйлаған жандарға Аллаһ разы болсын", - деді Айгерім Төлеуғалиева.
Сурет: Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі
"Жыл үздігі -2023" номинанттарының қатарында 8000 мұқтаж отбасын азық - түлікпен қамтамасыз еткен "Ыбырай қорының" басшысы, меценат Әсет Өтеғалиев те болды. Ол "Мектепке жол" жобасы аясында әлеуметтік осал топтан 2500 оқушыны киіндірді, пандемия кезінде қалалық ауруханаларға өкпені жасанды тыныстандыратын 100 аппарат алып берді, сондай-ақ соңғы 3 жылда мұқтаж отбасыларға 90 тонна көмір таратты.
Сондай-ақ, әлеуметтік қызметкер Гаухар Нұрниязова да марапатталды, ол көптеген жылдар бойы 91 жалғызбасты қарт адамға және 1-2-ші топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үйде арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетеді.
Сурет: Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі
"Жыл үздігі" номинациясының иегерлерінің бірі Бибата Бокаева "Өтес Ақтөбе" ЖШС-де 25 жыл жол тазалаушы болып жұмыс істейді. Ол жыл бойы қала тазалығына өлшеусіз үлес қосып келеді.
Жас құтқарушы, батылдық танытқан оқушы Қолғанат Баққұл да үздіктердің қатарында болды. Қолғанат - Елек өзеніне батып бара жатқан баланы құтқарып қалған қазіргі заманның батыры.
"Жыл үздігі" номинанттарын құрметтеу салтанаты Мәдениет үйі дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты.
Сурет: Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі