Биыл Орал қаласы барлық бағыттар бойынша өсудің оң динамикасын жалғастырды
Қала әкімінің сөзінше, Орал қаласында 361 мың адам тұрады. Өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі артып, 240 млрд теңгеге жеткен. Инвестиция көлемі өсіп, 99,1 млрд теңге болған. Шаһарда 357,4 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді. Сауда-саттық айналымы –382,1 млрд теңге.
"Шағын және орта бизнес қарқынды дамып жатыр. Биыл шағын және орта бизнес субъектісі 14,6 пайызға өсіп, 35 мыңға жетті. Қаламызда 2023 жылы 18,5 млрд теңгеге 26 ірі инвестициялық жоба іске асты", – деді қала басшысы.
Әкім су, жарық, жылу сияқты негізгі коммуналдық қызметтермен үздіксіз қамтамасыз ету – адамдардың әл-ауқатын арттырудың маңызды шарт екенін алға тартып, осы бағытта бірқатар маңызды жобалар қолға алынғанын атап өтті.
"Биыл Орал қаласының жылу электр орталығын жаңғырту мақсатында 4 жоба іске асты. Олар Зашағандағы Ғалымдар ауылы көшесіне жаңа қазандық салу, Мөңкеұлы көшесіндегі №3 қазандықтың жылу құбырларын ауыстыру, жылу электр орталығынының тарату құрылғыларын жаңарту және жаңа градирняның құрылысы сияқты жобалар. Жуырда 6 су жинау ұңғымасының құрылысы аяқталды. Нәтижесінде өндірілетін су көлемі қосымша 9 мың текше метрге ұлғайды. Жаңадан тағы 5 су ұңғымасын салу бойынша жоба жасақталды. Сондай-ақ Камен топтық су құбырын жаңарту жобасы сараптамадан шықты".Миржан Сатқанов
Су бұру желілерінде, атап айтқанда №21-ші, 2-ші, 3-ші кәріз-сорғы станцияларында реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 5 станцияны қайта құру үшін жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталуда.
Қала басшысының сөзінге, қалалық электр станциясының тозуы 75 пайызды құрайды. Жыл сайын Оралда электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"2023 жылы 120 км желі ауыстырылды. Инвестициялық бағдарламалар арқылы қосымша 9,3 км желі ауыстырылған. Қаладағы электр желілері мен жабдықтардың тозуын азайту шаралары "Батыс Қазақстан облысын кешенді дамыту жоспарына" енгізілді. Бұл мақсатқа алдағы 3 жылда республикалық бюджеттен 7,5 миллиард теңге қаражат бөліну жоспарланған", – дейді әкім.
2023 жылы қала бойынша 77 шақырым болатын жолға жөндеу жұмысы басталса, оның күні бүгінге 54 шақырымы аяқталған.
"Қалған жобаларды алдағы жылы аяқтап, қаламызда асфальт жабыны бар жолдардың индикаторын арттыру көзделген. Кейінгі жылдары Шолохов көшесіндегі жолдың жай-күйі көптің көңілін алаңдатқаны рас. Облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен биыл негізгі жолдардың бірін күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алдық. Жоба 2 жылға арналған, қазіргі уақытта жұмыстар аяқтала келді. Бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 171 шақырымды құрайтын 60 жоба бойынша жол жөндеу үшін құжаттама дайын. Оның ішінде, 30 жоба – қайта құру, 25 жоба – орташа жөндеу және 5 жоба күрделі жөндеуге қатысты. Қажетті қаражат – 15 млрд теңге".Миржан Сатқанов
Ол қала тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамту жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.
Орал қаласы бойынша қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарламалар арқылы 14 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Екі жылдың ішінде барлық үйді пайдалануға беру жоспарланған.
"Ақжайық шағын ауданында мемлекеттік бағдарламалар арқылы 25 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда 11 үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Шағын ауданда ішкі жол құрылысы және қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жобалар басталды.Оралда апатты үйлердің мәселесі шешілуде. Күні бүгінге 25 апатты үй бұзылып, олардың орнына 14 жаңа үй пайдалануға берілді. Қазіргі таңда "Реновация" бағдарламасы арқылы 8 үй салынуда. Кондоминиум нысандарының ортақ мүлкін күрделі жөндеу жалғасуда. Биыл 6 көппәтерлі үйдің шатыр жабынына күрделі жөндеу жүргізілді. 2024 жылы 26 үйді күрделі жөндеу көзделген", – дейді шахар басшысы.
Әкімнің айтуынша, қалада 54 тынымбақ пен сквер болса, оның 35-і абаттандырылған. Биыл Зашаған кентінде, №44 мектеп маңында және М.Өтемісов атындағы университеттің жанында 3 жаңа сквер салу бойынша жұмыстар басталған. Оның біреуі биыл аяқталды, қалған екеуін алдағы жылы аяқталмақ.
"Аулаларды кешенді абаттандыру" бағдарламасы басталғалы қала аумағында 33 аула абаттандыру жұмыстарымен қамтылған. Биыл 41 аулада тиісті жұмыстар басталды. 26 ауланы абаттандыру жұмыстары толық аяқталса, қалған аулалар 2024 жылы пайдалануға беріледі. Шаһарымызды абаттандыруда "Халық қатысатын бюджет" жобасы үлкен септігін тигізуде. Мұнда оралдықтар қаламыз үшін ең өзекті, маңызды әрі қажетті жобаларды өздері ұсынып, дауыс беру арқылы анықтайды. Биыл осы тәсілмен жаңа скверлер салу немесе қолданыстағы демалыс аймақтарын жөндеуге қатысты 7 жоба таңдап алынды. Барлығы да жүзеге асырылуда".Миржан Сатқанов
Көше-жол желісін жарықтандыру жұмыстары жалғасуда.
"Биыл Әбілқайыр хан даңғылын толықтай жарықтандырып жатырмыз. Зашаған кентіндегі Брусиловский және Рахимов көшесіне жарықшамдар орнату жұмыстарын аяқтадық. Бұдан басқа, 2023 жылы қала аумағындағы 12 көше жарықтандырылды. Қаланың эстетикалық көрінісін жақсарту мақсатында 50 нысанға сәулеттік жарықтандыру құрылғылары орнатылды", – деді ол.
Тағы бір аса маңызды мәселе – қоғамдық көлік қызметін жақсарту.
"Қоғамдық көліктің қызметіне қатысты көптеген шағымдар бар. Олар автобустардың жетіспеушілігі, қозғалыс кестесі, қызмет көрсету мәдениеті және т.б. Өздеріңізге белгілі, қазір барлық маршруттарда жолақы төлеудің электронды жүйесі енгізілді. Нәтижесінде, тасымалдаушылардың кіріс бөлігі 3, бюджетке салықтық түсім 5, жұмыс орны 4 есеге өсті", – дейді қала басшысы.
Қала басшысы автобус паркін жаңарту жақсарып келе жатқанын қоса айтты. Өткен жылы 79, биыл 85 автобус сатып алынды. Нәтижесінде соңғы екі жылда қалалық автобус паркі 50 пайызға жуық жаңарды.
"Халық саны көбейген сайын әлеуметтік нысандарды, соның ішінде жаңа мектептерді салудың өзектілігі артады. Қаламызда мектеп тапшылығын шешуге берілген үлкен мүмкіндік – "Жайлы мектеп" жобасы. 2023-2025 жылдары Орал қаласында аталған жоба аясында 9 900 орынға арналған 9 мектептің құрылысы жоспарлануда. Күні бүгінге Зашаған кентінде 2 мектеп, Деркөл кентінде 1 мектеп салынуда".Миржан Сатқанов
Соңғы 3 жылда қаланың әртүрлі аудандарында аула ішінде 76 жаңа спорт алаңы салынды. Мұндай спорт алаңдары демалыс аймақтарында пайда болуда. Биыл 10-шағын ауданда көпбейінді спорт аренасының құрылысы басталды. Зәулім спорт аренасының әртүрлі деңгейдегі жарыстарды қабылдауға әлеуеті жеткілікті болады.
Атқарылған жұмыстар халқымыздың спортпен шұғылдануына мүмкіндік беріп, бұқаралық спортпен айналысатын адамдардың саны артты.
Халықтың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың маңызы зор. Оралда аула клубтары заманға сай өзгеріп, жаңартылып, комьюнити-орталық ретінде ашылуда. Бүгінде 10 аула клубы комьюнити-орталыққа айналған. Балалар ғана емес, егде жастағы тұрғындар да орталыққа келіп бос уақыттарын өткізе алады.
"2024 жылы қаламыздағы мәдени ошақтарды күрделі жөндеу жоспарланған. "КПО б.в." компаниясының әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобасы аясында Жастар мәдениет сарайы және Деркөл мәдениет үйі күрделі жөнделеді. Биыл қаламызда "Қамқор" белсенді ұзақ өмір орталығы ашылды. Орталық аға буын өкілдерін, зейнеткерлерді қоғамның мәдени өміріне, дене шынықтыру мен спортқа тарту, ішкі шығармашылық әлеуетін іске асыру үшін жағдайлар жасайды. Қазір мұнда 800-ге жуық тұрақты қызмет алушы бар", – дейді әкім.
Әкім "Орал – даму динамикасы жоғары қала" екенін атап өтті.
"Мұнда өзінің туған қаласына жаны ашитын, белсенді өмірлік ұстанымы бар азаматтар өмір сүреді. Осы сәтті пайдаланып, Оралдың дамуы мен жайлылығын арттыруға ұсыныс білдіріп, жанашырлық танытқан әр азаматқа алғыс айтқым келеді. Өздеріңіз көріп отырғандай, облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының қолдауымен биыл қаламызда бірқатар маңызды жобалар жүзеге асты. Шаһарымыздың өркендеуі үшін алдағы жылы да жоспарланған жұмыстарды халықпен бірлесе атқарамыз деп сенемін. "Біздің күшіміз – бірлікте" болғанда ғана, сүйікті қаламыз гүлденбек", – деп түйіндеді сөзін қала басшысы.