Жаңалықтар тізбегі
0

Қазақстанның ең үздік қысқы демалыс орындарын білесіз бе?

Қазақстанның ең үздік қысқы демалыс орындарын білесіз бе? , сурет - Zakon.kz жаңалық 26.12.2023 11:49 Сурет: pixabay
Соңғы жылдары елімізде қысқы спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Оған қоса, коньки теуіп, сноуборд, шаңғымен сырғанап, қысқы демалысын белсенді өткізуге ниетті халық саны да артып келеді.

Елімізде олардың сұранысына жауап беретін қандай демалыс орындары бар?

Шымбұлақ

Бұл тау курорты Іле Алатауы шатқалында, теңіз деңгейінен 3 200 метр биіктікте орналасқан. Ол 1954 жылы құрылып, бірден кеңестік шаңғышылардың негізгі жаттығу базасына айналды. Оның баурайында КСРО және Қазақстан чемпионаттары өткізілген.

Айта кетейік, биыл "Шымбұлақ" ресми түрде "Әлемдегі ең биік түнгі тау шаңғы трассасы" аталымы бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енді. Әлемдік рекорд орнату үшін ең алдымен курорт халықаралық стандарттардың барлық талабына сай келетін қалыпта жұмыс істеуі тиіс. Оған қоса, шаңғы тебетін жол Халықаралық шаңғы феде-рациясының талабына сәйкес келуі керек. Гиннестің рекордтар кітабына ену үшін ең жоғары нүкте ретінде 3 100 метр биіктік белгіленген. Ал Шымбұ¬лақ теңіз деңгейінен 3 200 метр биіктікте орналасқан. Сондықтан ол әлемдегі ең биік түнгі шаңғы трассасы ретінде Гиннес рекордын орнатты.

Бірегей рельефтің арқасында шаңғы трассаларының биіктігі 900-ден 1000 метрге дейін төмендейді. Олардың ұзындығы мен ені спортшыларға үлкен жылдамдықты дамытуға мүмкіндік береді. Курорттағы ойын-сауық мұнымен шектелмейді. Мұнда арқан саябағы, сондай-ақ альпинистерге арналған alpine park бар.

Таңғажайып табиғат аясында атпен серуендеуге де мүмкіндік бар. Ал экстремалды спортты ұнататындар қылқан жапырақты ормандар арқылы қарлы шыңдарға баггимен саяхат жасап немесе парапланмен ұша алады.

Алтай Альпісі

Бұл бірегей тау шаңғы базасы Өскемен қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан. Аймақ экологиялық таза жерде, аралас орманмен қоршалған.

Биік беткейлер "Алтай Альпісін" Қазақстанның ең үздік тау шаңғы курорттарының біріне айналдырды. Мұнда кез келген адам жанына жай тауып, демалысын керемет өткізе алады.

Бұл жердің тағы бір ерекшелігі, курорт жыл он екі ай жұмыс істейді. Тау баурайында қар ерте түскен жылдары қараша айынан бастап, сәуір айына дейін шаңғымен сырғанауға болады. Мұнда тау шаңғысына керекті жабдықтарды жалға беретін пункт, асхана, қонақ үй, сауықтыру орталығы бар. Табиғат аясында атпен серуендеуге болады.

Мырзашоқы

Бұл жаңадан салынған тау шаңғы базасы Павлодар облысы Қаражар ауылының жанында, Баянауылдан бірнеше шақырым жерде орналасқан. Базаның құрылысы 2017 жылы басталған. Ашылғанына көп уақыт болмаса да, бұл жер туристер мен спортшылар арасында кең танымал. Мырзашоқыға қысқы маусымда күн сайын екі мыңға жуық адам келеді.

Шаңғы трассасының ұзындығы – 800-ден 1300 метрге дейін. Сноуборд пен тюбинг ұнататындар үшін арнайы аймақтар бар. Жолдардың жанында жылыту пункті мен асхана жұмыс істейді. Туристер бұл жердің керемет ауасы мен қардың тазалығын жоғары бағалайды.

Мырзашоқы тауының қарлы баурайында атқа мініп, таза ауамен тыныстау үшін тек Павлодар мен Баянауылдан ғана емес, Қарағанды, Астана, Омбы мен Новосібірден, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің басқа да қалаларынан адамдар келеді.

Ақ бұлақ

Бұл курорт теңіз деңгейінен 1600 метр биіктікте, Іле Алатауы тауларының етегінде, Алматыдан шығысқа қарай 40 шақырым жерде орналасқан. Ол қылқан жапырақты ормандармен, қайың тоғайларымен және емен ағаштарымен қоршалған.

Ақ бұлақ белсенді және отбасылық демалысқа, сондай-ақ денсаулық нығайтуға арналған таптырмас орын. Курортта тыныс алу жаттығулары, йога және скандинавиялық серуендеу бойынша сабақтар өткізіледі.

Бұдан бөлек, атпен немесе тақырыптық жаяу серуендеуге қатысуға болады. Шаңғы мен сноубордқа арналған бірнеше трасса бар. Ал шаршауды басу үшін SPA орталығының қызметін падалануға болады.

Елікті

Бұл тау шаңғы курорты еліміздің солтүстігінде Көкшетаудан 25 шақырым жерде орналасқан. Жалпы ұзындығы 4 шақырым болатын әртүрлі деңгейдегі спортшыларға арналған бес трасса бар. Жаңадан бастағандарға да, фристайлға жаны құмар экстремалды спортшыларға да, балалардың қауіпсіз сырғанауына да қолайлы жағдай жасалған.

Еліктіде жаңа бес қабатты қонақ үй салынды, онда 40 бөлме, ыңғайлы киім ауыстыратын бөлме және тәрбиешінің қарауымен балалар бөлмесі бар. Қонақүйдің екінші қабатында жайлы мейрамхана орналасқан.

Қазақта "тән саулығы – жан саулығы" деген сөз бар. Сондықтан уақытыңызды керемет табиғат аясында өткізіп, қаланың күйбең тіршілігін ұмытып, рухани демалып қайтқанға не жетсін!

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: