Электронды еңбек биржасына жасанды интеллект жүйесі енгізілді
Енді жасанды интеллект жұмыс іздеушінің қалаған жалақысын ескере отырып, тұрғылықты жері, дағдыларына сай, тиімді вакансияларды ұсынады, деп жазады qazaqstan.tv.
Бұған дейін порталда жұмыс іздеушілер өз түйіндемелерін жарияласа, жұмыс берушілер бос орындар туралы ақпаратты орналастырып отыратын. Енді жасанды интеллект барлық ақпаратқа талдау жасап, екі жаққа да тиімді ұсынымдарды жібере алады. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, енгізілген жаңа модельдің келесі этапына көшу жоспарланып отыр.
"Келесі этап бізде жасанды интеллект ол адамдардың резюмесін атап өткендей жұмыс тәжірибесін, білім деңгейін, дағдыларын зерттей отырып, сол кісіге қысқа мерзімді курстар ұсынады. Мысалы кассир болып жұмыс істейд, резюмесін ескере отырып, бухгалтердің көмекшесінің деңгейіне жету үшін шектеулі курстардан өтсе, жұмысқа орналаса алады." Шалқар Оразбеков, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің басқарма басшысы
Жасанды интеллект қазір медицина мен білім саласына да еніп келеді. Сарапшылар 2030 жылға қарай 5 салада кей қызмет автоматтандырылады, - дейді. Ауыл шаруашылығына қорап ораушылар, құрылыста шыны кесушілер, машина жасауда қоймашылар қажет болмайды. Мұнай-газ өндірісінде операторлар пилотсыз дрондарға ауыстырылады. Киберқауіпсіздік маманы Серікжан Рамазановтың айтуынша, жасанды интеллектің әсерінен жұмыссыз қаламын деген үрейдің реті жоқ. Себебі..
"Соны үйрететін адамдар мамандар пайда болып жатыр, курстар шығып жатыр, материалдар пайда болып жатыр. Жасанды интеллекпен жұмыс істеудің киберқауіпсіздігін сақтау үшін қамтамасыз ететін мамандар керек.Оның этикалық жағын қарастыратын мамандар керек. Көптеген жаңа жұмыс түрлері пайда болып жатыр." Серікжан Рамазанов, киберқауіпсіздік маманы, сарапшы
Жасанды интеллект шекараны білмейді. Оның көмегімен тіпті әйгілі тұлғаның образын таңдап, бет-әлпетіңізді де қалауыңызша өзгерте аласыз. Алайда, біз оны ортақ бір құрылымға келтіріп, зиянынан гөрі пайдасын көбірек ала білуіміз керек дейді мамандар.