Қазақстанда Трамп, Путин және 8 Байден тұрады
Қазақстандықтардың көпшілігі дәстүрлі түрде еліміздің оңтүстік өңірлерінде — Алматы қаласы (2,2 млн адам, бір жылда 3,1% көбейген), Түркістан (2,1 млн адам, 1,1% көбейген) және Алматы (1,5 млн адам, 1,7% көбейген) облыстарында тұрады. Елордада 1,4 млн адам тұрады, жылдық өсім 5,6%, деп жазды ranking.kz.
Ең аз халық Ұлытау өңірінде: 221,6 мың адам — бір жыл бұрынғыдан 0,1% артық. Одан кейін Солтүстік Қазақстан (530,1 мың адам) және Абай (607,6 мың адам) облыстары.
Елді мекен бойынша 12,5 млн адам қалаларда (бір жылда 2% көбейген), 7,6 млн адам ауылдарда (0,3% көбейген).
Биыл 29 ақпандағы мәлімет бойынша, елімізде Қазақстан есімді 24 адам тіркелген.
Қазақстан атты азаматтар ең көп Ақмола облысында тұрады: 7 адам. Астанада мұндай есімді тағы 5 адам, Қарағанды облысында 4 адам бар. Сонымен қатар, Қазақстан есімді 3 адам Қостанай облысында, 2 адам Маңғыстау облысында, 2 адам Шымкент қаласында, 1 адам Батыс Қазақстан облысында тұрады.
Халық арасында Қазақстандағы қалалардың аттастары да бар. Мәселен, қазақстандықтардың ішінде 24 Астана, 20 Алматы және 3 Шымкент бар.
Сонымен қатар, ҚР-да Семей есімді 27 адам, Атырау есімді 15 адам, Түркістан есімді 15 адам , Тараз есімді 14 адам, Ақтау есімді 10 адам, Ақтөбе есімді 1 адам, Талдықорған есімді 1 адам бар.
Саяси қайраткерлердің де аттары кездеседі. Атап айтқанда, ҚР-да 12 Қасым-Жомарт, 1 Путин, 1 Трамп және 8 Байден тұрады.
Биыл қаңтарда Қазақстанда ең танымал есімдер Медина мен Әлихан болды. Елімізде 517 Медина мен 313 Әлихан тұрады.
Қыздардың есімдері бойынша үздік бестікке Асылым (468 адам), Айша (436 адам), Айлин (387 адам) және Томирис (318 адам) кірді.
Ұл балалар есімдерінің ішінде ең танымал бестікке Мұхаммед (305 адам), Айсұлтан (238 адам), Мухаммад (231 адам) және Алдияр (219 адам) кірді.