Жаңалықтар тізбегі
0

"Нәжіс төгеді". Көлсай маңындағы нысандарды 1,5 шақырым қашықтыққа көшіру талап етілуде

Көлсай, Саты ауылының тұрғындары, дабыл, сурет - Zakon.kz жаңалық 14.03.2024 22:24 Сурет: Instagram/kolsailakes_nationalpark
Алматы облысында Көлсай табиғатына алаңдаған Саты ауылының халқы мәселе көтеріп, өз талаптарын жариялады. Олар ұлттық парк аумағындағы шұрайлы жерлер жекенің қолына өтіп, ол араға жаппай қонақүй мен дәмханалар салынып тасталғандығына алаңдаулы, деп хабарлайды Zakon.kz.

10 жылдың ішінде кәсіпкерлер келіп, Көлсай маңын жайнатып жіберген. Айнала мейрамхана мен қонақ үйге толы. Бірақ таяқтың екінші ұшы бар демекші, жергілікті халық мұнымен табиғатымыз да ластанып жатыр деп шыр-пыр. Қонақ үйден далаға арнайы тартылған құбырға қарағанда, кәріз суы бірінші рет емес, ұзақ уақыттан бері тоқтаусыз ағып жатқан көрінеді. Тұрғындар төгілген нәжіс ағыспен Көлсай көліне құйылып жатқанын айтады. Саты ауылының өре түрегелуіне түрткі болған да осы мәселе, деп хабарлайды КТК.

"Дәрет, кір суы, түрлі зат бар. Таза, мөлдіреген суға ағызып отыр. Ол суды ішкен адам да, мал да ауру болады. Бұл ертең ағып кетуі де мүмкін, мына жер. Негізі үй салынуға тыйым салынған жер. Мына егілмелі тас, ертең астына су кете береді, мына жердің табиғаты бұзылады". Ауыл тұрғыны Ұлан Есікбай

Ал қонақ үйдің қожайыны кінәсін мойындап отыр. Әрекеті заңсыз деп танылып, 1,5 миллион теңге айыппұл арқалаған. Нәжісті бет албаты далаға ағызуын кәріз жүйесінің жоқтығымен байланыстырды.

"Бәрі де бар. Тек бір ғана шешілмей тұрғаны — қонақ үйлерден кәріз суын төгетін жер жоқ. Басқа елдерде, мысалы, Швейцарияда, Грузияда тазарту құрылысы деген қойылады. Одан шыққан суды төгуге мемлекет рұқсат етеді. Өйткені ол сүзгіден өткізілген таза су. Бұны үкімет тарапынан қолдау жасап, кәріз мәселесін шешіп берсе". Кәсіпкер Марат Жүргенбаев

Осы уақытқа дейін "Көлсайдың жолын жөндеумен айналыстық" деген шенеуніктер кәріз мәселесін шешуге енді ғана кірісіпті. Лай суды сүзгіден өткізетін алаң соғуды көздеп отыр. Бірақ оның құрылысы ұзаққа созылатын түрі бар.

"Үш гектар жерді белгіледік. Қазір аудан әкімдігімен жобалау жүргізілуде. Болашақта кәріз жүйесін, фильтрация деп айтамыз, сүзгі алаңын сол жерге орналастырамыз. Жобалауға миллион теңге бөлініп, құжаттама жасалды. Енді сол құжаттамаға сәйкес 760 миллион теңге керек". Кеген ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы

Кәріз суын далаға ағызатын кәсіпкерлерден бөлек, мал бағатын жерге қаз-қатар үй салып тастағандар да бар. Мәселен, бұл нысанда небәрі 2,5 айдың ішінде осындай 8 шағын баспана мен мейрамхана тұрғызылған. 

"Бұл ауыл шаруышылығы мақсатында пайдаланатын жер. Ешқандай құжаттары жоқ. Мына жердің бәрін күреді да, жер қыртысын бұзды. Үйдің үстіне үйді тоқтаусыз салып жатыр. Бассейннің орнын дайындап қойды. Енді ақша табудың да жөні, жолы бар шығар. Бірақ табиғатты құртуға, ластауға ешкім жол бермейтін шығар. Бұның бәрі бармақ басты, көз қыстымен жасалған нәрсе. Біреуге ақшасын береді, солай жасалған". Ауыл тұрғыны Нұрлыбай Айтжанов

Жұрт табиғатқа алаңдаулы. Өйткені жер қыртысы бұзылып, сіңген жаман судан босаңсыған жер кез келген уақытта төменге сырғып, үлкен апат болуы мүмкін. Ауыл тұрғындары Көлсай көліне тақап салынған нысандарды бір жарым шақырым қашыққа көшіруді талап етіп отыр.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: