Жаңалықтар тізбегі
0

Қостанай облысында оқушылар оқу жылын жайсыз ғимаратта аяқтауға мәжбүр

Қостанай облысында оқушылар оқу жылын жайсыз ғимаратта аяқтауға мәжбүр, сурет - Zakon.kz жаңалық 26.03.2024 16:41 Сурет: pixabay
Терезеден жел гулеп, төбеден тамшы ағады. Қостанай облысындағы Сарыкөл кентінің оқушылары биылғы оқу жылын осындай жайсыз ғимаратта аяқтауға мәжбүр.

Ашық-тесік мектеп қыста мүлде азынап кетеді. Балалар сабақта сырт киіммен отырады. Кейбір бөлмелерді мүлде жауып қоюға тура келген.

Шатырсыз, жайдақ жабылған мектептің төбесі шұрқ тесік. Жаңбыр жауып, қар ерісе ішке сыздықтап су ағады. Сондықтан көктем шыға төбедегі қар аршылып тасталған. Тек мынадай асты мұз боп қатқандары әлі жатыр. Өйткені мұны ойса онсыз да қырық жамау төбе тағы тесіледі, деп жазады qazaqstan.tv.

Осылайша төбедегі мұз төменге тамшы болып тамғалы тұр. Мектеп ұжымы оның алдын алудың амалын таппай дал. Тамшыдан ең қатты зардап шегетін мектеп кітапханасы. Ылғалдан кітаптардың бүлінетіні өз алдына, су тисе электр сымдарынан өрт шығуы мүмкін. Тесілген төбе жылу да ұстамайды. Әбден шіруге айналған ағаш терезелерден жел гулейді. Соның салдарынан көктем шығып күн жылыса да, кейбір бөлмелер әлі салқын.

Қыста өте суық болды. Сабақта сырт киіммен отырдық. Жылу 5-10 градусқа дейін төмендейтін. Суық тиіп ауырғандар көп. Менің өзім бір апта ауырып жаттым. Артур Гаран, оқушы

Іргетасы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қаланған мектепте қазір 300-ге тарта оқушы бар. Салынғанына алпыс жылдан асқан ғимарат осы уақытқа дейін күрделі жөндеу көрмеген.

Күрделі жөндеу қажет. Бұл мектепте өзім де оқыдым. Кейін ұлым оқыды. Қазір ол 25-те. Осы уақыт аралығында тыңғылықты жөндеу жасалғаны есімде жоқ. Светлана Заиченко, оқушының әжесі

Биыл Қостанай облысында 3,6 млрд теңгеге 11 білім ордасы күрделі жөнделеді. Бірақ Сарыкөлдегі мектеп олардың қатарына кірмей қалыпты.

Жобалық сметалық құжаты бар күрделі жөндеудің. Бірақ қаржы бөлінбеді.Сондықтан біз 91 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жүргіземіз. 40 млн шатырға, және терезесіне 51 млн. Мейрамғали Таипов, Облыстық білім басқармасының бас маманы

Яғни, осынша қаржыға аумағы 2300 шаршы метрдей болатын төбені бүтіндеп, шіріген 137 ағаш терезенің орнына пластик терезелер салынады. Білім басқармасындағылар содан соң тамшы тамбайды, суық болмайды деп отыр. Ал күрделі жөндеуге қашан қаржы табылары әзір белгісіз.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: