Шымкентте 2,5 млн теңгенің велосипедтерін ұрлаған күдікті құрықталды
Бірнеше айдың ішінде күдікті 21 тұрғынды екі дөңгелекті темір тұлпарсыз қалдырған. Келтірілген шығынның жалпы сомасы – 2,5 млн теңгеге жуық.
Қаскөй көпқабатты үйлердің кіреберісіне кіріп, баспалдақ алаңында қалдырылған велосипедтерді ұрлаумен айналысқан.
Ал дөңгелекті құлыптау құрылғыларын қысқышпен кесіп жүрген. Күдіктіні тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының көмегімен анықтады.
Ол бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған қала тұрғыны болып шықты. Рецидивист қамауға алынды.
Әл-Фараби АПБ тергеушілері барлық айғақты жинап, қылмыстық істі сотқа жолдады.
Бұл заңсыз әрекеті үшін ер адам 2 жылдан 7 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін.