Қазақстанда дәрі-дәрмектің бағасы жүздеген пайызға көтеріледі
Жоғары аудиторлық палата мүшесі Тілеген Каскиннің айтуынша, аудит барысында фармацевтикалық өнім айналымы саласындағы 36 жүйелік кемшілік анықталды. Олар отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларына, баға белгілеуге, сатып алу және логистика процестеріне, инспекциялар жүргізуге және дәрі-дәрмектердің қауіпсіздігін бағалауға қатысты.
"Денсаулық сақтау саласындағы бағдарламалық құжаттардың іске асырылуын талдау фармацевтика саласын дамыту бойынша кешенді тәсілдің жоқтығын көрсетеді. Осылайша, қолдау шаралары отандық фармацевтикалық өндірісті дамытудың басым бағыттары ескерілмей және жергілікті ету деңгейіне қарамастан көрсетіледі. Дәрілік заттарды шығару кезінде қазақстандық шикізат іс жүзінде пайдаланылмайды, ал әкелінетін компоненттердің сапасына қойылатын талаптар белгіленбеген. Жалпы, отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілердің мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылуы 20%-дан төмен. 2023 жылғы сауда-саттық қорытындысы бойынша нарықтағы отандық дәрі-дәрмектердің үлесі 18%-ды құраған",- деп хабарлады Жоғары аудиторлық палата.
Бағаларды мемлекеттік реттеу тиісті дәрежеде жүргізілмейді.
Шекті бағаларды қалыптастыру "пайызға пайыз" қағидаты бойынша үстеме бағаны белгілеуге негізделген, бұл нормативтік түрде препараттардың құнын өндіруші зауыт бағасынан 172%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
"Денсаулық сақтау министрлігі шекті бағаларды қалыптастыру әдістемесін бағаны жүздеген пайызға көтеруге болатындай етіп әзірлеген. Баға белгілеу әдістемесі мүлдем қате. Неліктен деңгейлес елдердегі баға талдау жүргізілмейді? Қазір барлық баға белгілеу өндіруші зауыттың мәліметтеріне негізделген. Бұл тәсіл дұрыс емес", – деді Әлихан Смайылов.
Денсаулық сақтау министрі Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын ескере отырып осы бағытта тиісті жұмыс жүргізілетінін атап өтті.
"Баға белгілеуге, оның ашықтығы мен объективтілігіне қатысты сұрақ өте көп. Көтерме-бөлшек сауда сегменті үшін де, ТМККК және МӘМС шеңберінде сатып алу бөлігінде баға белгілеуде де сұрақтар бар. Жоғары аудиторлық палата талдауының нәтижелеріне келетін болсақ, 6,5 мыңнан астам препараттың бағасы тексерілетін болады. Жұмыс тобы құрылды. Оларды іріктеуге қатысты да сұрақтар бар. Жыл соңына дейін біз ТМККК және МӘМС шеңберінде, сондай-ақ көтерме-бөлшек сауда сегментінде белгіленген бағалардың барлық спектрін тұтастай қайта қараймыз деп ойлаймын", – деді Ақмарал Әлназарова.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы сонымен қатар мемлекеттік реттеу саласы тіркелмеген дәрілік заттардың бағасын қамтымайтынына назар аударды, бұл өндіруші зауыт бағасының 2000%-на дейін үстеме баға белгілеуге мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен бірге мемлекеттік аудит баға белгілеу тетігінің кемшіліктері "СК-Фармация" ЖШС-ның жекелеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарықтық бағадан 40%-365% жоғары бағамен сатып алуына әкеліп соққанын анықтады, бұл 8 млрд теңгеден асып отыр.
Бұдан басқа, Бірыңғай дистрибьютор жүйесінде сатып алуды сапасыз жоспарлау медициналық ұйымдардың 2,8 млрд теңге сомаға сатып алынған препараттардан бас тартуына әкелді. Нәтижесінде 279,5 млн теңгеге препараттар жарамдылық мерзімінің өтуіне байланысты тұрып қалған, кейіннен олардың бір бөлігі есептен шығарылған.
Сатып алу рәсімдерін жүргізу кезінде ашықтық қағидатына қайшы келетін бұзушылықтар анықталды. Осылайша, 3 млрд теңге сомаға тіркелген аналогтары болса да, сондай-ақ "СТ-KZ" сертификатымен жергілікті қамтуды растаусыз бір көзден алу тәсілімен 182 млрд теңгеден астам дәрі-дәрмектерді сатып алу жүзеге асырылды.
"Жекелеген өнім берушілердің дәрі-дәрмектерді сақтау нарығын монополизациялауы және бірыңғай дистрибьютерде өзінің логистикалық инфрақұрылымының болмауы логистикаға жұмсалатын шығыстардың 1,5 есе өсуіне ықпал етті: 2022-2024 жылдарда 6,8 млрд теңгеден 10,2 млрд теңгеге дейін",- делінген ақпаратта.
Ақмола, Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының денсаулық сақтау ұйымдарына арналған дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сақтау жедел қоймаларының болмауы логистика шығындарын ұлғайтып, төтенше жағдайлар кезінде дәрілік заттармен қамтамасыз етуге теріс әсер етуі мүмкін.
Тариф белгілеудің саясатының ойластырылмауы, логистика, есепке алу және шығыстарды бақылау процестеріндегі автоматтандыру деңгейінің төмендігі 17,2 млрд теңгеге экономикалық шығындарға, 538 млн теңге сома қаражатты артық төлеуге әкеп соққан, оның 220 млн теңгесі қалпына келтірілді.
Жалпы аудит қорытындысы бойынша 3,7 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды, соның ішінде:
- қаржылық бұзушылықтар – 538 млн теңге;
- тиімсіз жоспарлау – 2,8 млрд теңге;
- активтерді тиімсіз пайдалану – 385 млн теңге;
- бюджеттің ықтимал шығындары – 21,7 млрд теңге.
Аудит жүргізуге кедергі келтіргені үшін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің басшысы әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Анықталған бұзушылық фактілері бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілетін болады. Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 134 факт әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға берілді.
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов 12 маусымда Мәжіліс отырысында "Қазақстан темір жолы"(ҚТЖ) қаржы жағдайы мәселесіне неге бұрын мән бермегеніне жауап берді.