Жыл сайын 300-ден астам адамға сүйек кемігін транспланттау қажет
Отандық дәрігерлер Қазақстанда табылмаған донорды шетелден де іздейміз,- дейді. Өйткені, сәйкес донорды табуға жарты жылға дейін уақыт кетеді екен.
Донор болуға келіскен адам ең алдымен қан орталықтарына барып, қан тапсырады. Зертханада олардың антигендеріне қатысты мәлімет түгел тіркеледі. Осылайша ауруханаға түскен науқасқа сәйкес келетін донорды дәрігерлер дәл осы бағаналы жасушалардың тізімі арқылы іздеуге кіріседі. Бүгінде еліміз бойынша 11 мыңға жуық адам донор ретінде тіркелуге келісім беріпті, деп жазады qazaqstan.tv.
"Егер Қазақстанда толық сәйкес келетін донор табылса, онда трансплантация осы центрде жасалады. Егер шетелден донор табылса, онда Денсаулық сақтау министрлігінен арнайы комиссия құрылады. Сол комиссияның шешімімен науқас шетелге жіберіледі. Ол бәрі мемлекет тарапынан жасалады." Жүніс Гүлжанат, Ұлттық ғылыми онкология орталығының гематолог дәрігері
Бүгінде халықаралық донорлар тізімінде 35 миллион адам бар. Ал елімізде жыл сайын 300-ден астам адам сүйек кемігін транспланттауды қажет етеді. Оның жартысы балалар мен жасөспірімдер екен.