Алматыда көшелерді орташа жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр
20 магистральді көшеде жол төсемінің беріктігін арттыру үшін полимерасфальтбетон қолданылып жатыр. Жөнделетін аумақтар 36 сағатқа жабылады, бұл уақытта қоспа суып, тиісті талапқа сай қатуы керек.
Қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен магистральді көшелердің жөндеу жұмыстары тамыз айының соңына дейін, ал аудандық маңызы бар көшелердің жөндеуі қазан айының соңына дейін аяқталады.
Асфальтты қырып, жаңасын төсеу жұмыстары түнгі уақытта жүргізілуде, бұл қала тұрғындары үшін қолайсыздықты азайту мақсатында жасалып жатыр.
Орташа жөндеу аясында жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында қосымша қауіпсіздік аралдары мен жаяу жүргіншілер өткелдері жасалып, тротуарлар жөнделіп, зақымдалған арық науалары ауыстырылып жатыр.
Айта кетейік, көлік қозғалысын шектеу туралы барлық ақпарат Almaty.kz сайтында, @AlmatyJoly Telegram-арнасында, аудан әкімдіктері мен басқармалардың әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ 2GIS және "Яндекс карта" сервисінде көрсетілген.