Үкіметте президенттің цифрландыруды дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру шаралары қаралды
Негізгі міндеттердің бірі – "электронды үкімет" платформасына жасанды интеллект технологияларын енгізу. Бұл жұмыстың алғашқы нәтижелері осы жылдың желтоқсан айында ұсынылуы тиіс, деп атап өтті Премьер-Министр.
"Сондай-ақ 2025 жылы Ұлттық жасанды интеллект орталығын іске қосу және Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізу жұмысын аяқтау тапсырылды", — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қойылған мақсаттарға сүйене отырып, Цифрлық даму министрлігіне бір ай мерзімде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп нақты іс-шаралар мен жауапты орындаушыларды көрсете отырып, іс-қимылдың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеп, бекіту тапсырылды.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Қазақстанның бірқатар қалаларында дата-орталықтардың құрылысын жеделдету және телекоммуникациялық желі ресурстарын тартудың маңыздылығын атап өтті. Жоспарларға сәйкес, аталған жұмыс 2025 жылдың желтоқсанында аяқталады деп күтілуде.
Бұдан басқа, қылмысқа қарсы күрес және нашақорлықтың алдын алу бойынша қолданыстағы шараларды қайта қарау қажеттігі белгіленді. Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі "Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм" атты Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды.
ІІМ-не мүдделі мемлекеттік органдармен 2 ай ішінде қылмысқа, атап айтқанда алаяқтыққа қарсы күрес бойынша қосымша шаралар кешенін әзірлеу жөнінде тапсырма берілді. Сондай-ақ министрлік есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мен нашақорлықтың алдын алуға бағытталған заң жобасын ілгерілету жөніндегі жұмысты жандандыруы тиіс.
Жол-көлік оқиғаларының санын азайту жөніндегі міндет көлік министрлігінің алдына қойылды: ведомствоға жол инфрақұрылымына зияткерлік жүйелерді енгізу мәселесін пысықтау тапсырылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін автокөлікті техникалық байқаудан өткізу сапасын тиімді бақылаудың жаңа тетіктерін әзірлеу қажет.