Қазақстанның барлық мектептерінде жиналыстар өтеді: не болды
Ведомствоның хабарлауынша, талқыланатын тақырып ата-аналардың балаларының өмірде де, желіде де қауіпсіздігіне жауапкершілігі мәселесі болмақ.
Ата-аналарға қауіп-қатерлерді дер кезінде қалай анықтау және оларды болдырмау үшін қандай шаралар қолдану керектігі туралы қадамдық ұсынымдар беріледі. Олардың ішінде — баланың мінез-құлқын бақылау, әлеуметтік желілердегі белсенділік мониторингі, мектеп ортасындағы құрдастарымен қарым-қатынасы кіреді. Бұдан бөлек, мамандар баламен тұрақты қарым-қатынас жасаудың, ашық диалог үшін сенімді орта құрудың және ата-аналардың баласының өміріне ұдайы қатысуының маңыздылығына назар аударды.
"Бала қауіпсіздігі ата-ана, педагог, әрбір ересек адам үшін басымдыққа ие болуы тиіс. Баламен ашық диалог құру, оның өміріне ұдайы қатысып отыру, цифрлық құрылғыларды бақылау және баламен қауіпсіздік тақырыбында әңгімелесу — бұл проблемалардың алдын алуға көмектесетін негізгі қадамдар. Ата-аналардың міндеті тек баланың жүріс-тұрысын бақылап қана қоймай, сонымен қатар өз баласымен оны әрқашан тыңдауға және көмектесуге дайын екенін білдіретін сенімді қарым-қатынас қалыптастыру. Бала біздің болашағымыз, олардың саламаттылығын сақтау тікелей бізге байланысты", — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы оқу жылынан бастап білім беру ұйымдарында апта сайын сынып сағаттары аясында "Қауіпсіздік сабақтары" өтуде, сабақ кезінде интернеттегі тәуекелден қорғану, өзін-өзі сақтау дағдыларын дамыту және түрлі қауіп-қатерлер жағдайында дұрыс әрекет ету тақырыптары қамтылуда. Сондай-ақ балалар мен ата-аналар және педагогтер үшін психологиялық, құқықтық және әдістемелік кеңес алуға болатын психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Ал балаларға жасалған қатыгездікке куә болсаңыз, тәулік бойы қызмет ететін "111" нөміріне хабарласуға болады.