Елорда тұрғынынан ірі көлемде қарасора тәркіленді
Еліміздің оңтүстік өңірлерінен тыйым салынған заттарды әкеліп, клиенттерді іздеп, олармен әлеуметтік желі арқылы келіссөздер жүргізгені анықталды. Осы мақсатта ер адам пәтер жалдап, одан әрі сату үшін есірткіні ораумен айналысқан.
Тінту кезінде шкафта сұр-қара түсті зат салынған пакет, арнайы иісі бар өсімдік тектес заты бар фольгаға оралған пакеттер, электронды таразылар, 5 мың дана көлеміндегі бос Zip-lock қаптар, сондай-ақ 7,5 млн теңгеге жуық ақшалай қаражат анықталып тәркіленді.
Сонымен қатар тұрғылықты жерінен "ОСА" травматикалық тапаншасы мен "РАК" травматикалық оқтарын атуға қабілетті газды тапанша және 9 резеңке патрон тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, ұсталған азаматтан тәркіленген заттар салмағы 2 келіден асатын қарасора шайыры екені анықталды.
Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы бап 10 жылдан 15 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Күдікті Астана қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.