Алматының Медеу ауданындағы өзгерістер: скверлер, мектептер және тұрақты су

Алматының Медеу ауданында биыл тұрғындардың өтінішімен жүзеге асырылған нысандарға арналған баспасөз туры өтті., сурет - Zakon.kz жаңалық 09.12.2024 12:53 Сурет: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматының Медеу ауданында биыл тұрғындардың өтінішімен жүзеге асырылған нысандарға арналған баспасөз туры өтті.

Тур барысында ең әуелі жаңа сквер көрсетілді, оның аумағы 2,1 гектар. Бұл сквер бұрын қаңырап бос жатқан жердің орнына салынған. Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалиннің айтуынша, бұл аумақ бұрын жеке меншікке тиесілі болған, онда қоршалған, құрылыс қалдықтары толы шұңқыр болатын. Осылайша, бұл жер екі жылдан астам уақыт бойы бос жатты. Жақын маңдағы тұрғын үй кешенінің тұрғындары балалармен серуендейтін демалыс аймағын ұйымдастыруды бірнеше рет сұраған.

Меншік иесімен келіссөздер жүргізіліп, жер коммуналдық меншікке берілді. Бүгінде аумақ көріктендіріліп, ол жерде демалуға арналған жайлы сквер пайда болды. Скверде жаңа күркелер, ойын алаңдары, орындықтар, қоқыс жәшіктері және жарықтандыру тіректері орнатылды. 175 қылқан жапырақты ағаш отырғызылып, 1100 шаршы метр көгал төселді, оған автоматты суару жүйесі ұйымдастырылды.

Жергілікті тұрғын Кенжегүл Исламжанова немерелерімен демалуға және көршілерімен кездесу үшін жаңа скверге жиі келеді.

"Бұрын бос жатқан жердің орнына осындай жаңа сквердің пайда болғаны керемет! Ең бастысы, ешқайда барудың қажеті жоқ, үйден шықтың, міне, сквер. Біз немерелерімізбен күн сайын осында келеміз. Олар ойнап, жүгіріп мәз болады. Ересектерге арналған демалыс орындары да бар, немерелерді бақылап, өзіміз де жақсы уақыт өткізе аламыз. Кешкісін жарық шамдардың арқасында тіпті әдемі. Біздің ауданымыздың өзгеріп жатқанына өте қуаныштымын!", — деді ол.

Келесі нысан – №98 жалпы білім беретін мектеп болды. Оның жобалық сыйымдылығы музыка мектебінің көшуі есебінен 300 орынға ұлғайды. №8 музыка мектеп Алматы әкімдігі сатып алған көрші ғимаратқа көшірілді.

Босатылған бөлмеде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, осы жылдың қыркүйек айынан бастап бастауыш сынып оқушылары оқи бастады. Балалары №98 мектепте оқитын көпбалалы ана Райхан Өскенбаева шешім қабылдауға белсенді қатысқанын айтты.

"Біздің мектебіміз өте жақсы, балаларым осында оқығанды ұнатады. Бірақ жылдар өте келе мектеп шамадан тыс жүктеліп, орын жетіспеді. Сондықтан музыка мектебін көшіріп, 500 шаршы метрлік ғимаратты босату дұрыс шешім болды. Енді бастауыш сыныптар үшін жақсы жағдай жасалған. Қызым жаңа, жарық сыныпта оқиды, парталары мен интерактивті тақталары бар. Ол мектепке қуана барады!", — деді ол.

Баспасөз турының соңында қатысушылар таза суға арналған жаңа "Балқаш" резервуарына барды. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылған бұл ауқымды жоба ауданның жоғарғы бөлігіндегі көпжылдық су мәселесін шешті. Бүгінде Каменск үстірті, Көлсай, Юбилейный және Мұзтау аудандарында тұратын 20 мыңнан астам тұрғын тұрақты сумен қамтылған.

"Бұрын біз тау суын пайдаландық немесе су тасушылардан су алатынбыз. Екі жыл бұрын судың қысымы әлсіз болды, өйткені жеке үйлер бақшасын суаратын. 2023 жылы әкімнің халықпен кездесуіне қатысып, мәселені айттым. Ол уәдесін орындады, 2024 жылы біздің көшеге су берілді. Ладушкин көшесінің тұрғындары атынан тұрақты су үшін алғыс білдіреміз!", – деді тұрғын Лаура Құрманғалиева.

Алматыда көріктендіру жобалары белсенді түрде қолға алынған. Бұл жұмысқа "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы үлкен үлес қосып отыр. Осы механизмнің арқасында әр тұрғын ауданын дамытуға тікелей әсер ете алады. Бағдарламаның тиімділігін ескере отырып, Алматы әкімі Ерболат Досаев оның қаржыландыруын 18,8 млрд теңгеге дейін ұлғайтты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,8 млрд теңгеге көп.

Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: