Шерзат Полаттың әкесі бұзақылық жасағаны үшін 15 тәулікке қамауға алынды
Қаржаубай Нұрымовқа "бұзақылық жасады" деп айып тағылған.
"Қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлап, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын айналасындағыларға құрметсіздік танытатын іс-әрекеттер жасағаны және көлік құралдарының қозғалысы үшін кедергілер жасағаны үшін азамат Қ. Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сонымен бірге Қаржаубай Нұрымовтың туысы Бақыт Реймова "ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзып, жұртты митингіге шақырды" деп айыпталып, сот оны да 15 күнге қамау туралы шешім шығарды. Бұған қоса, басқа елдің азаматы болғаны үшін Қазақстаннан депортацияламақ.
Сот бұған қоса Нұрымовтың Салтанат есімді туысына ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі) 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салды.
9 желтоқсанда Талғардың шетінен Шерзат Полаттың ағасының мәйіті табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, 30 жастағы Нұрғанат Ғайыпбаев асылып өлген. Кейінірек Алматы облыстық полиция департаменті 16 жастағы жасөспірімнің ағасының өлерінен бұрын жазған хатын жариялады.
Сот-медициналық сараптаманың алдын-ала болжамы бойынша, 30 жастағы ер адамның мәйіті өзін-өзі асу арқылы механикалық асфиксия нәтижесінде болғанын көрсетті.
Алматы облысының полиция департаментінің қызметкерлері 2024 жылғы 10 желтоқсанда Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты ұстады. Полиция оның жерлеу рәсімі кезінде қоғамдық тәртіп пен айналасындағыларға, оның ішінде кәмелетке толмаған балаларға қауіп төндіргенін хабарлады.
Кейінірек Алматы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағдат Әшімов 16 жастағы Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың денсаулығына байланысты ауруханаға жеткізілгенін айтты.
Еске салайық, 2024 жылғы 4 қазанда Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат пышақ жарақатынан қайтыс болды. Қоғамдық резонанс тудырған жасөспірімді өлтіру фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің бес бабы бойынша тергеу жүріп жатыр, 11 күдікті қамауға алынды.