Алматыда көру және есту қабілеті нашар адамдарға арналған заманауи кітапханалар ашылды
Алматы әкімі Ерболат Досаевтың инклюзивті орта құру жөніндегі тапсырмасы аясында бұл кітапханаларда мәтінді тактильді форматта көрсететін Брайль дисплейлері, Брайль қарпінде басып шығаруға арналған принтерлер, мәтіннің контрастын үлкейтуге және өзгертуге арналған құрылғылар мен мәтінді оқитын, оны дауыстап ойнататын және аудиоформатқа аударатын сканерлер орнатылған.
Аудиокітаптарды тыңдау ыңғайлы болу үшін кітапханаларда дыбыс сапасы жоғары құлаққаптар да бар. Бұған қоса, бейімделген бағдарламалық жасақтамасы бар компьютерлер орнатылған, бұл көру және есту қабілеті нашар адамдарға ақпаратпен тиімді жұмыс істеуге септігін тигізеді.
Есту және көру қабілеті бұзылған адамдар мына кітапханаларға бара алады: Жамбыл атындағы ҚЖК, "Alatau Creative Hub", Чехов атындағы ОҚК, Қазақстан жазушыларының кітапханасы, сондай-ақ №4, 14 және 45 филиалдар. Бұл жерлерде ақпараттық ресурстарды пайдалану ыңғайлы болу үшін барлық жағдай жасалған. Бастама мәдени нысандарға тең қолжетімділік пен кедергісіз орта құру қағидасы аясында қала әкімінің тапсырмасымен жүзеге асырылды.
Айта кетейік, бұл кітапханаларда көру қабілеті нашар қызметкерлер де жұмыс істейді. Олар оқырмандарға құрал-жабдықты үйренуге, қажетті ресурстарды іздеуге және оқытуға көмек көрсетеді. Бұл жұмыс орындарын құруға және қаланың барлық тұрғыны үшін мәдениет пен білімге деген қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Қала әкімдігінің қолдауымен Алматыны дамытудың Жол картасы аясында кітапхана қызметкерлері Сеулде тағылымдамадан өтіп, кітапханалық қызмет көрсетудің заманауи әдістерін меңгерді, салаға бұл жаңашылдық енгізіле бастады. Былтыр мамандар Германия мен Швейцарияда да тағылымдамадан өтті.
Жалпы, Алматы кітапханаларында 400-ге жуық адам жұмыс істейді. 2023 жылы қала әкімінің бастамасымен қызметкерлердің жалақысы 30%-ға өсті, 2024 жылы жалақы тағы 25%-ға ұлғайды, ал биыл тағы 29%-ға көбейеді. Айта кетейік, қала кітапханаларының 18 жас маманы "Алматы Жастары" бағдарламасы бойынша баспаналы болды.
Қалада әкімдікке қарасты 28 кітапхана жұмыс істейді, оның 95%-ы жаңғыртылған. Жыл сайын Алматы кітапханаларына келушілердің жалпы саны 3 миллионнан асады.