Астанада Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадтың өтетін күні белгілі болды
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысымен 2025 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына дайындық және мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспары "Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі" жобасы бекітілді.
2025 жылғы 7 мамыр – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне арналған әскери парад. Тұжырымдама: іс-шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеудегі басты оқиғаға айналады, қазақстандықтарға осы айтулы оқиға туралы естелігін, туған жерін қорғаудың маңыздылығын және ерлік дәстүрлерінің сабақтастығын атап өтеді", — делінген құжатта.
Іс-шаралар жоспарына сәйкес 9 мамырда Отан қорғаушылар ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді:
- ел басшылығының қатысуымен Астана қаласындағы "Отан қорғаушылар" монументіне (дыбыстық және музыкалық сүйемелдеумен, оркестрлер, Құрмет қарауылының және астаналық гарнизонның жеке құрамының бөлінуімен);
- облыстардағы мемориалдар, ескерткіштер, жаппай бейіттер мен жерлеу орындарында;
- шетелдегі ескерткіштерге, мемориалдарға, жаппай бейіттерге және жерлеу орындарына.
Жеңіс күні облыстардың орталық алаңдарында да мерекелік отшашу жоспарланған.
Айта кетейік, Қазақстанда 2020 жылдан бері әскери шерулер өткізілмеген.
3 қаңтарда "Ана тілі" газетіне берген көлемді сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу 2025 жылдың мемлекеттік күн тәртібінде маңызды орын алатынын айтты.