ДДСҰ өкілі: Әр күн сайын 2 әйел жатыр мойны обырынан көз жұмады
Елімізде жыл сайын жатыр мойны обырының 2 мың жаңа дерегі тіркеледі, 600 мың қыз-келіншектің өмірін қияды. Ісіктің алғашқы сатысында ауруды ауыздықтау оңай. Тек отаны қажет етеді. Алайда науқастардың басым бөлігі ауруы асқынғанда ғана дәрігерге жүгінеді. Мұндай кезде аман алып қалу екіталай дейді онкологтар, деп жазады qazaqstan.tv.
"Көбіне науқастар аурудың 3,4 сатысында келеді. Оның басты себебі бастапқы сатыларында симптомдар болмайды. Қай уақытта науқастар келеді, жыныстық жолдарда қан білініп, ауырсыну белгілері байқалады. Ол кезде жатыр мойны қатерлі ісігіне жатырда ғана емес, жанындағы тіндерге ауыса бастайды." Ғани Олжатаева, радиациялық онколог
Жатыр мойны обырын ерте анықтау үшін, жоспарлы скринингтен өту керек. Егер скринингке жасы сәйкес келмесе, ол жергілікті емханасына барып, қарау бөлмесіне немесе гинеколог-дәрігерінен онкоцитология тапсыруға болады. Нәтижесі бойынша қандай да бір проблема шығып жатса, әрі қарай диагностика жүргізіледі, дейді Аида Шәкірова, Ұлттық ғылми онкология орталығының сектор меңгерушісі.
Тек жыныстық жолмен ғана таралатын бұл дертті екпе арқылы тоқтатуға болады. Қазір әлемнің 140 мемлекеті папиллома вирусына қарсы вакцинаның арқасында жатыр мойны обырын 60 пайызға азайтқан. Оның ішінде Шотландия, Австралия елдері бар.
"Осы кеселдің салдарынан елімізде әр күн сайын орта есеппен 2 әйел көз жұмады. Аурудың алдын алу үшін 11-13 жастағы қыздар вакцинаның 2 дозасын алу керек. Ал 15-45 жастағы әйелдер өз еркімен екпенің 3 дозасын салдыру керек. Ол үшін алдымен вирустың бар-жоғын анықтап алу маңызды." Қанат Суханбердиев, ДДСҰ Қазақстандағы өкілдігінің үйлестірушісі
Елімізде жатыр мойны обырына қарсы вакцина алғаш рет 2013 жылы мектеп жасындағы 17 мың қызға салынды. 10 жыл өткен соң, екпе салдырған 12 мың қыз-келіншек тексерістен қайта өтті. Қатерлі ісік анықталғандардың пайызы 1 ге де жетпеген. Вакцина салдырғандардың басым бөлігі ана атанған.